Аймақ руханиятына жаңа дем

  Қарағанды облысы – еліміздің ірі өнеркәсіп аймағы ғана емес, мәдениетімен де ерекшеленетін өңір. Театр өнеріндегі жаңа қойылымдар, халықаралық деңгейдегі жетістіктер мен ірі мәдени жобалар аймақтың рухани келбетін жаңғыртып келеді. Облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының брифингінде атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарлар кеңінен таныстырылды.

Қарағанды облысындағы мәдениет саласы биыл жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Арнайы есеп бойынша, мыңға жуық спектакль мен алты жүзге тарта концерт өткізіліп, жаңа қойылымдарға көрермендер толықтай жиналды. Халықаралық байқауларда қарағандылық өнерпаздардың есімі кеңінен танылып, абыройлары асқақтап келеді. Сонымен қатар, Көкпекті ауылында ауылдық клуб пен Нұра кентінде өнер үйі ашу жобалары да жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.

— Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен облыстың үш ірі мәдениет нысанын – Цирк ғимараты, «Шалқыма» концерт залы және К. Станиславский атындағы театрды қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары басталды, -деді Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.

Халық шығармашылығы облыста қарқынды дамып келеді. Өңір тұрғындарының шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жан-жақты жағдай жасалып, мәдениет мекемелерінде мыңнан астам клубтық бірлестік жұмыс істейді. Олардың ішінде халықтық көркемөнерпаз ұжымдары да бар, олар дәстүрлі өнердің сақталуы мен дамуына зор үлес қосуда.

— Қарағанды облысының мәдени өміріндегі маңызды әрі тұрақты шаралардың бірі – қуыршақ театрларының «Кукляндия» фестивалі. Бұл оқиға маусымның 12-15 аралығында Қарағанды музыкалық комедия академиялық театрында өтті. Фестиваль аясында түрлі елдердің театр ұжымдары қатысып, спектакльдер, шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды, -дейді Ғалымжан Өтелбайұлы.

Қарағанды облысы өнер саласында айтарлықтай табыстарға жетіп, ансамбльдердің жетістіктерінен бастап, жергілікті режиссерлердің кинофестивальдердегі жеңістеріне дейінгі көріністерімен қазақстандық мәдениетті насихаттауда. Алда жаңа жобалар мен фестивальдер жоспарланып отыр, олар облыстың мәдени өмірін одан әрі байытып, дамуына елеулі үлес қосатын болады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»