Айгерім ЖЫЛҚЫБАЕВА: «Ойыншық таңдауда ойлану қажет»
Ойыншық баланың ойын бөліп, дұрыс дамуына әсер етуі керек. Алайда аңдамаса опық жегізер ойыншықтар да бар. Техникалық регламенттің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін ойыншықтар Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісімен таңбалануы тиіс деп жатамыз, алайда тұтынушы бұл талаптарға не кіретінін де ойлана бермесі – шындық. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет 2015 жылдан бері ай сайын ойыншықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Жеті жылда сапасыз ойыншықтар саудасы бірқатар азайды. Дегенмен ойыншыққа қатысты олқылықтар толық жойылды деуге келмейді. Сол себепті биылғы жылдың он айында ойыншықтар қауіпсіздігі қаншалықты қамтылғанын білу үшін Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгерім Жылқыбаева Қанатқызымен сұхбат құрған едік.
– «Барлық жақсы – балаға» деп жатамыз, ойыншық жайлы «тек сапалысы – балаға» деген дұрыс болар. Осы орайда облыс көлемінде ойыншықтарға қатысты жүргізілетін жұмыстың барысы туралы айтып берсеңіз?
– Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан ағымдағы жылдың 10 айында сауда объектілерінде өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу шеңберінде 388 ойыншықтан сынама алынды. Олардың сараптама нәтижелеріне қарасақ, 172 сынама немесе 44,3%-ы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейді.
Мұндай ойыншықтар Қытай, Өзбекстан, Ресей немесе шығу тегі белгісіз өнімдер сияқты басқа елдерден шығарылады және әкелінеді.
Сәйкессіздіктердің негізгі бөлігі таңбалаудың бұзылуына байланысты және 91,3%-ды (157 сынама) құрайды. Анықталған сәйкес келмейтін ойыншықтарда ойыншық туралы қандай да бір ақпарат, оның ішінде бұйымның атауы, дайындаушының атауы мен орналасқан жері, баланың жасын, негізгі құрылымдық материалды, ойыншыққа күтім жасау тәсілдерін, жасалған күні мен жарамдылық мерзімін (оларды белгілеген кезде) және т.б. көрсететін ойыншық немесе пиктограмма арналған баланың ең төменгі жасы жоқ. Көрсетілген ақпараттың болуы – Еуразиялық экономикалық одақтың 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің міндетті талабы. Органолептикалық көрсеткіштер мен физикалық факторлар барлық сәйкес келмейтін өнімдердің 8,7%-ын (15 сынама) құрайды.
– Осы аталған сәйкессіздіктер жөнінде нақты мысал келтіріп кетсеңіз. Осындай ойыншықта мынадай кемшіліктер анықталды дегендей…
– Иә, иіс қарқындылығының артуы «Baby love toy» шомылуға арналған ойыншығында анықталды. «Өрмекші адам», «Қуыршақ trenody» ойыншықтар жиынтығында, Қытай шығарған «Әскери» ойыншықтар жиынтығында беткейлері, жарықтары, жиектері өткір. Басқа ойыншықтарда да осындай бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар Қытай шығарған және бүлдіршіндерге арналған шығу тегі белгісіз сылдырмақтардың да түрлі өрнектер түріндегі беттік бояу, тазартылмаған жақтары табылды, бұларға техникалық регламент талаптары жол бермейді. Mioshi-дің «Чашка» ойыншығында (артикулы TY9031) сараптама нәтижесінде шу деңгейінің шектен тыс жоғары екені анықталды.
– Анықталған бұзушылықтар бойынша сіздердің мекеме тарапынан қандай шаралар қолданылады?
– Анықталған бұзушылықтардың барлық фактісі бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сауда объектілерінің басым бөлігі шағын бизнес субъектілері болғандықтан, Президенттің шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізу туралы Жарлығының күшіне енуіне байланысты аталған объектілерге тексеру жүргізу мүмкін емес.
Өткен кезеңде 1 материал сотқа жіберілді, оны қарау нәтижелері бойынша 612 мың теңге сомаға сот қаулысы шығарылды. Сонымен қатар департамент ойыншықтарды сату кезінде техникалық регламент талаптарының бұзылуына жол бермеу туралы сауда объектілерімен тұрақты негізде дөңгелек үстелдер өткізеді, сондай-ақ ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде мақалалар жариялайды.
– Ойыншықтар Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай белгісімен таңбалануы тиіс деп жатамыз, ата-аналар біле жүрсін, ол қандай белгі?
– Ойыншықтар Кеден одағының №008/2011 «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарық қатынасына шыға алады. Бірыңғай айналым белгісі өнімнің сәйкестік бағалаудан өткенін және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келетінін куәландырады. Егер ойыншыққа бірыңғай айналым белгісі (ЕАС) салынса, онда бұл өнімнің сертификаттау түріндегі растау рәсімінен өткенін және «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент талаптарына сәйкес келетінін көрсетеді. Тиісінше бұл ойыншықта сәйкестік сертификаты болуы керек. Тұтынушыға арналған ақпарат анық, жеңіл оқылатын болуы тиіс. Таңбалауды өндіруші немесе импорттаушы жүзеге асырады. Таңбалауда келесідей ақпараттар қамтылады: ойыншықтар атауы, ойыншықтар өндірілген ел атауы, өндіруші, импорттаушының атауы және орналасқан жері, олармен байланысатын ақпарат, өндірушінің тауар белгісі, балалардың жасын анықтайтын мәлімет (ең төменгі жас), дайындалған мерзімі (айы, жылы), жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары. Ойыншық таңбалануында көрсетілген ақпараттар міндетті түрде қазақ және орыс тілінде болуы тиіс.
– Алда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр, ата-аналар балаларына сапалы әрі қауіпсіз ойыншық сатып алу үшін нені ескеруі тиіс? Қандай ұсыныс айтасыз?
– Дұрыс айтасыз, әр ата-ана өз баласын мереке кезінде қуантқысы келеді, сапалы әрі қауіпсіз ойыншық таңдау үшін департамент ойыншық таңдау кезінде келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
– белгісіз немесе еш жерде көрсетілмеген фирманың ойыншықтарын, сонымен қатар атауы, құрамы, өндірушілері және т.б. туралы міндетті ақпарат көрсетілмеген ойыншықтарды сатып алудан аулақ болыңыз;
– пластиктен жасалған ойыншықтардың санын азайтуға тырысыңыз немесе оларды мүлдем сатып алмаңыз;
– ашық түсті ойыншықтардан аулақ болу керек, олардың бояуы улы және құрамында ауыр металдар болуы мүмкін. Егер бояу қолға жұқса немесе өшіп қалса, сондай-ақ иісі өткір болса, сатып алудан бас тартыңыз;
– балаларға қатты дыбыс шығаратын, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа меңзейтін немесе жағымсыз психо-эмоционалды жағдай жасауға ықпал ететін ойыншық сатып алмаңыз;
– ағаш ойыншықтарға артықшылық берген дұрыс, бірақ ДСП, МДФ, фанера қолданбаған болуы тиіс;
– ойыншықтарды жеке адамдардан немесе заңсыз сауда орындарынан емес, тек мамандандырылған дүкендерден алу қажет. Және міндетті түрде сәйкестік сертификаты бар екеніне көз жеткізу қажет.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан: Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ