Айдостай азаматқа елдің алғысы шексіз

Қарқаралы ауданының Қарағаш ауылында көптен күткен арман орындалды. Белгілі кәсіпкер, меценат Айдос Ақшонтаев өз қаражатына 43 үйге ауызсу тартып, ауыл халқына үлкен сый жасады.

Былтыр Қарағаш мектебінің 100 жылдық мерейтойында ауыл халқы көптен бері шешілмей келе жатқан су мәселесін көтерген еді. Сол жиында Айдос Жәзитұлы уәде беріп, араға бір жыл салып, сөзін ісімен дәлелдеді. Мамыр-маусым айларында Мадияр Сәрсенұлымен бірге су желілерін тартып, әрбір үйге жеткізіп берді.

– Көптен күткен арманымыз орындалды. Бұрыннан шешімін таппай жүрген ауыз су мәселесін қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз. Айдостай жомарт ұлдың еңбегі еселенсін, – дейді ауыл ақсақалдары.

Айдос Жәзитұлы – Қарағанды облысы бойынша қазақ күресінен вице-президент, қазақ, самбо, дзюдо күресінен спорт шебері. Әр жылдары облыстық, республикалық жарыстарда ел намысын қорғаған палуан бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып, қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған.

2020 жылы туған ауылы Татанға ақ мешіт салып берген ол жыл сайын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, отын-көмір жеткізіп, «Мектепке жол» акциясы аясында балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етіп келеді. Спорттық жарыстарға да тұрақты түрде демеушілік жасап жүр.

Елдің алғысына бөленген Айдос Ақшонтаев – сөзіне берік, ісімен үлгі болған азамат. Жерлестерінің айтуынша, мұндай жанның жақсылығы әрдайым жас ұрпаққа өнеге болмақ.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»