АЭС салу мәселесі
Атом электр станциясын салу жөніндегі Республикалық халықтық штаб Қарағандыда жұмысын жалғастырды. Қазірде ел аумағында қызу талқыланып жатқан АЭС мәселесі төңірегінде ой, пікірлерін бөлісуге мәжіліс депуттары, энергетик мамандар және экологтар жиналды.
Атом энергетикасына қатысты мәселе «жаһандық энергия тапшылығымен» және Қазақстанның «сенімді және таза энергия көздеріне» шұғыл қажеттілігінен туындап отырғаны мәлім. Атом электр станциясын салу жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілдері Қарағандыдағы кездесуде Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесі және тоқ қуатын өндірудің бүгінгі әлемдік тәжірибесі мен заманауи үлгілері туралы айтты.
– Бізде Қазақстанда 1973 жылдан 1999 жылға дейін Атом электр станциясы жұмыс істеді. Маңғышлақ АЭС дейміз, ол кәдімгідей 350 Мегаватт және де білдей бір қаланы ішетін сумен қамтып отырды. Одан кейін енді, тиісті бір уақыт өткеннен кейін, ол электростанция жабылды, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, АЭС салу жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілі Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек Алматы қаласының маңыңда институтта кішірек атом электр станциясы жұмыс істеп жатыр, онкология бойынша зерттемелер үшін осы реактор жұмысы қажет болып отырғанын, атом энергиясының денсаулық сақтау саласына пайдасы бар екенін де атап өтті. Кездесуде энергетик мамандар да тоқ қауіпсіздігіне қатысты мәселе маңыздылығына тоқталды.
– Егер де энергетикалық қауіпсіздік жайында айтар болсақ, ол ел дамуына екпін береді. Барлық дамушы елдер энергетика саласын бірінші орынға қояды. Бізде жыл сайын тоққа деген тапшылық 3 пайызға ұлғайып отыр. Осындай қажеттілікті ескерсек, уақыт өте тіптен бізде тоқ қуаты мүлде болмауы ықтимал, – дейді Ядролық физика институты бас директорының орынбасары, АЭС жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілі Евгений Ермаков.
Ядролық физика институты бас директорының орынбасары Евгений Ермаков өз сөзінде АЭС құрылысына қарсы тараптар жел энергетикасы, ГРЭС сынды тоқ өндірістерін дамытайық дейді. Бірақ ондай баламалы тоқ көздері үздіксіз энергия өндірмейді. Олардың жұмыс істеу коэффиценті 20-дан 35 пайызға дейін ғана. Бұл дегеніміз күн станциясы тәулігіне әрі кеткенде төрт жарым сағат қана энергия өндіреді. Басқа уақытта электр қуатын ала алмаймыз. Жел станциялары да соншалықты уақытта ғана тоқ қуатын шығарады деді спикер. Әлем бойынша 415 АЭС бар. Ол реакторлар 373 735 мегаватт тоқ уақытын шығарады. Ұсынылған ақпаратта дүниежүзі бойынша салынып жатқан 62 реактор барлығы да көрсетілген. Осы есеппен 2050 жылға қарай АЭС қызметі барынша жанданатыны да болжанып отыр. Бұл болашақ жоспар болғанымен бүгінде қауіпсіздік бірінші орында, ал біздің ел үшін бүгінде қауіпсіздік мәселесі жиі айтылып жүр.
– Менің ойлайтыным, болашақта балаларым, немерелерім қалай өмір сүреді. Сүйікті қаламыздың келешегі қандай? Еліміздің келешегі қандай? Бұл АЭС салынады. Қазір бәрі қауіпті. Оны да есепке алып отырмыз. Сіздердің де сұрақтарыңыз бар, жастардың сұрағын естіп, бізде өз пікірімізді айтуға келдік, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, АЭС салу жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілі Құдайберген Бексұлтанов.
Жан-жақты талқылау ортақ пікірлер айтуға арнайы келген АЭС салу жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілдері біздің қаламызда қоғам өкілдерімен студенттермен де талқылау алаңында жүздесті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»