АЭС құрылысы мәселесін халық шешеді

Қарағанды қаласында АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылаулар өтті. Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі жоспарларды жария талқылауға қала тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен экологтар қатысты.

Онда энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері сөз сөйледі. Жиында АЭС салудың артықшылықтары, қазіргі атом станцияларының қауіпсіздігі, жұмыс принциптері және АЭС-тің қоршаған орта мен адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы баяндалды. ҚР энегетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова өз сөзінде Қазақстанда АЭС салу елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды шешім екенін атап өтті.

– АЭС – көмірсутек ресурстары мен энергияны сырттан тұтынуды азайтатын тұрақты және сенімді энергия көзі. Энергия тұтынудың артуы және төмен көміртекті экономикаға көшу қажеттілігі жағдайында атом энергетикасы оңтайлы шешім. АЭС көмірқышқыл газын және басқа парниктік газдарды іс жүзінде шығармайды. Бұл оларды экологиялық таза нұсқа етеді, – дейді ол.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің пайымдауынша, Қазақстанда АЭС орналастыру ауданын таңдау бойынша зерттеулер жүргізілді. Олардың нәтижелері АЭХА-мен бағаланды. АЭХА қорытындысында АЭС-ті Балқаш көліне жақын орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ екендігі де айтылған.

Атом энергетикасы саласының мамандары стартегиялық нысанның маңызы жайлы түсіндіріп, энергия тапшылығы жөніндегі мәселеге тоқталды. Жергілікті экологтар мен белсенді тұрғындар реакторлардың қауіпсіздігі мен экологияға зияны, жалпы жұмсалатын қаржы сомасы секілді өзекті сұрақтарға жауап алды.

– Ең алдымен бұл жерде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі көтерілген болатын. Бізде енді болашақта энергия тапшылығы болады деп жатыр. Әсіресе, Оңтүстік аймақтарда. Сондай-ақ Қазақстанның қай жерінде орналасатыны жөнінде схемаларды көрсетуде. Одан бөлек, басқа да генерация көздері бар. Және де Мемлекет басшысы айтып кетті ғой, күзде референдум болады деп. Сол үшін түсіндіру жұмыстары болу керек деп ойлаймын, – дейді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков.

Ал қоғам қайраткері Майра Әбдірахманова атом электр станциясын салу ғылым саласына жаңаша серпін береді деп топшылайды.

– Біздің Қарағанды аймағы индустриалды аймақ. Көптеген ірі зауыт, фабрика бар. Сонымен қатар біз өзі инвестиция жағынан да алдағы өңірміз. Бұл дегеніңіз, жаңа кәсіпорындар, өнеркәсіптер ашылады деген сөз. Олардың барлығына электр энергиясы керек. АЭС салу елімізде тағы да бір ғылым саласы ашылады деген сөз.

Бүгінде әлемдегі алпауыт елдер атом электр станциясының игілігін көруде. Ал, оны Қазақстанда салу мәселесі күзде өтетін Ұлттық референдумда шешіледі.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»