Адам болу – қасиет, патриот болу – парыз

Еліміздің қастерлі күндерінің бірі 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Бөкетов университетінде «Қарулы күнштер – Ел тірегі» атты Республикалық дөңгелек үстел өтті. ZOOM платформасында ұйымдастырылған жиынның көздегені  өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, өз Отанын ерекше құрметпен мақтан тұту керектігін тереңінен түсіндіру. Қазақ халқының біртуар қаһарман қолбасшылары мен батырларының өнегелі өмірі мен ерлік істерін кеңінен насихаттау.

Ел қорғаны болар батырларды ұлықтауға арналған шараға Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры,  профессор Нұрлан Дулатбеков, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша Республикалық оқу – әдістемелік бірлестігінің басшысы Гаухар Туребекова,  Қарағанды облыстық қорғаныс департамент бастығының орынбасары, тәрбие, идеология және әскери – патриоттық жұмыс бөлімінің бастығы полковник Мұхтар Кайшатаев, Ардагерлер одағы (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың) Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша төрағасы Испаев Талғат Нұрғалиұлы сынды азаматтар қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінен жоғары оқу орындарының білім алушылары мен профессор-оқытушылар құрамы және Қарағанды қаласының мектеп-лицей және гимназия оқушылары қатысты. Студенттер түрлі тақырыпта дайындаған баяндамаларын онлайн режимде оқыды.

Қазақстанда тұратын әр азамат өз ұлтына қарамастан Қазақстанды туған Отаным деп түсінуі керек. Сонда ғана жүрегінде еліне деген патриоттық рух, өз Отанына перзенттік мақтаныш сезімі өркен жайып, тамырлануына негіз қаланады деуге болардай.

Жиын соңында қатысушылар еліміздегі жоғары оқу орындары базасында, студент-жастарға патриоттық тәрбие берудегі өзекті мәселелер бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде дөңгелек үстел отырысын өткізу және БАҚ беттерінде еліміздің Қарулы күштеріне деген  сүйспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыру мақсатында, жетістіктері мен маңызды мәселелерін көтеру туралы келісімге келді.

 

Жанел Біржанқызы.

Бөкетов университеті, Журналистика мамандығы

ІІІ курс студенті.