«Адам бол» фильмінің тұсаукесері

«Сарыжайлау» кинотеатрында «Адам бол» фильмінің премьерасы өтті. Халықаралық деңгейде көрсетілетін алғашқы Нолливудта түсірілген отандық картина Қазақстан мен Нигерия мәдени ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асырылды. Қарағандыға келген шығармашылық ұжым көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

Өмірде қандай жағдайға тап болсаң да, адам болып қалуға үндейтін фильм Қазақстанда ғана емес, Нигерияда, сонымен қатар бүкіл Африка құрлығында Netflix Africa және Prime TV танымал платформаларында көрсетілуде. Жаңа фильмнің 80 пайызы Нолливудта түсірілген. Киноға отандық мамандармен бірге танымал киноиндустрия продюсерлері, режиссерлері, сценаристері мен операторлары атсалысты.

– Кино шығару саласынан Нигерия, яғни Нолливуд – қазіргі таңда Болливудтан кейін екінші орында тұрған мемлекет. Жылына 2,5-3 мың кино түсіреді. Сондықтан біз Нолливудпен бірлесіп, локацияларын пайдалану арқылы копродукция жасағымыз келді. «Адам бол» фильмі – Қазақстан мен Нигерияның алғашқы бірлескен жобасы болғандықтан біздер үшін үлкен алаң. Ең алдымен, біз мәдениеттер арасындағы олқылықты жойып, жалпыадамзаттық құндылықтарды көрсетуді мақсат тұттық, – дейді «Адам бол» фильмінің режиссері Алмас Әлімжанов.

Жалпы, фильм сюжеті Африкаға кездейсоқ барған үш жігіттің басынан кешкен оқиғасы төңірегінде өрбиді. Байдың таршылық көрмей өскен ерке баласы әкесінің нұсқауымен Америкаға іссапарға аттанады. Қасына достарын ертіп алған ол ойда жоқта Нигериядан бір-ақ шығады. Жігіттер өзге елдегі адам ұрлығы, аборигендер рәсімдері, қатыгез джунглиге тап болған кейіпкерлердің өмірі жайлы ойлана бастайды.

– Netflix платформасына шығару басты мақсатымыз болды. Фильм түсірілгенімен, екі түрлі монтаж жасалды. Бізбен қатар нигериялықтар монтажы қосылды. Өйткені олардың қалжыңы бізге түсініксіздеу болуы мүмкін. Біздің де әзілді олар түсінбеуі мүмкін. Фильмде отбасылық құндылықтар, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас көрініс тапқан. Меніңше, әке мен бала тақырыбы – бітпейтін әңгіме. Ол – бізде ғана емес, бүкіл шетелдерде де бар мәселе, – дейді фильмнің бас продюсері Қымбат Досжан.

Фильмнің сценарийі жарты жыл жазылыпты. Түсірілім жұмыстары небәрі бір айда аяқталған. Комедия элементтерімен қатар экшн жанрында түсірілген фильмге қазақстандық актерлер Қуаныш Құдайберген, Рауан Романи, Рысқұл Қонақбаев, сонымен қатар Нигерияның танымал актерлері Чимези Имо, Чарльз Окоча түскен.

– Фильмде елім, жерім деген мықты жігіт, қызықтыратын персонаждың бірі Тоқтар деп ойлаймын. Картинада қазіргі таңда көп бағаланбай кеткен қарапайымдық, кішіпейілдік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, күпірлік жасамау деген ізгі қасиеттерді көрсетуге тырыстық. Көп тәжірибе алмастық. Африкалық әріптесіміз «Адам бол» фильміндегі рөлі үшін «Жыл аталымы» сыйлығымен марапатталды. Бұл – барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Берілген рөлді жоғары деңгейде сомдап шығу – актердің басты міндеті, – деп атап өтті актер Рысқұл Қонақбаев.

Продюсерлердің пікірінше, «Адам бол» – қазақстандық киногерлер үшін үлкен тәжірибе алаңы. Ең алдымен ол – шығармашылық топ үшін қолайсыз қатты ыстық ауа райына бейімделу, әрі халықаралық интеграция мәселесін сақтай отырып ынтымақтастықта жұмыс істеуге діттейді. Сондай-ақ бұл – қазақстандық көрермен үшін тың әрі қызықты жоба.

Айта кетейік, жаңа туынды 16 мамырдан бастап еліміздің кинотеатрларында үлкен прокатқа шықты.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»