Абай тігін фабрикасы қайта жанданып келеді
Қарағанды облысының Абай қаласындағы «Абай» тігін фабрикасы алдағы уақытта көпшілікке бағытталып, күнделікті киюге арналған киімдер үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, 50 жылдық тарихы бар, кезінде атағы жер жарып, бірақ кейін ешкімге керексіз болып қалған фабриканың бойына қайтадан қан жүгіртпек. Қазірдің өзінде фабрика өкілдері жан-жақты қиындықтарға қарамай, жүзге жуық жұмысшыны тұрақты жұмыспен қамтыған.
Көп жылдан бері қаңырап бос қалған бұл ғимараттың ішінде қайтадан қызу жұмыс жүреді дегенге о баста ешкім сенбеген. Бірақ, фабрика басшысы Нұрхан Жұмабеков есіктерезесіз қалған фабриканы қалыпқа келтіруге бел шешеді. Осылайша, алдымен құжаттың қиындықтарын, артынша құрылыс мәселесін реттеді. Енді кадр мәселесін шешуге кіріскен.
«Абай колледжінде жаңа тігіншілер бөлімін аштық. Енді бізде мамандардың 80 пайызы практикадан өтетін болады. Мысалы қазірдің өзінде маған тағы кемінде 50 тігінші керек. Бірақ адамдар жоқ. Бір бөлім толығымен бос тұр. Тапсырыс көп, бірақ тігіншілер жоқ. Сондықтан мамандар іздестірудеміз»- дейді «Абай» тігін фабрикасының басшысы Нұрхан Жұмабеков.
Абай қаласы Қарағандыдан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Осыған қарамастан облыс орталығынан келіп жұмыс істегісі келетіндер расымен де аз. Есесіне тігін фабриканың құрастырушы-дизайнері Алматы қаласынан келіп жұмыс істеп жүр. Басаяғы мұнда 85 тігінші бар.
«Үлкен мүмкіндіктер бар негізі, өзіме ұнайтын киімдер жасауға болады. Маталарды таңдап, соған қатысты үлгілерді жаңадан ойластырып, соны компьютерде құрастырған өзіме өте қызықты. Әрине, Алматыда да жұмыс табуға болатын еді. Бірақ, маған бәрін жаңадан бастау қызықты болды. Сондықтан Абай қаласын таңдап келдім»,-дейді Мәриям.
Фабрика 85 пайыз арнайы киім тігумен шұғылданады. Бұл — облыстағы зауыттар мен фабикалардың тапсырысы. Бірақ, енді қарапайым адамдарға арналған киімге басымдық беріле бастаған. Фабрика іргесінен арнайы дүкен ашылыпты. Оған көршілес қалалардан да келіп киінетіндер бар. Дүкенге маңайдағы кенттер мен Қарағандыдан келетін тұрғындардың баршылығы соны анық аңғартты.
Фабрика басшысының жоспары орасан зор. Алдағы уақытта фабрика жанынан жатақханасы бар училище ашып, жұмысшылар санын 500 адамға дейін жеткізгісі келеді. Бұдан бөлек, кеңес жылдарында фабриканы танымал еткен өнімдер ассортиментін жандандырғысы келеді.
Фабрика жақын арада қыстық киімдер тігуге кіріспек. Бірақ пандемия салдарынан тапсырыс берген маталары Қытайда тұрып қалған. Бұл кәдімгідей қол байлау болып тұр дейді мұндағылар. Бір қызығы маталар Еуропа мен Өзбекстанға еш тоқтаусыз жеткізілуде, ал бұл зауыттың тапсырсы не себепті тұралап қалғаны белгісіз. Сондықтан зауыт өкілдері жауапты мамандардан көмек сұрап отыр.
Расул МҰХАММЕД
«QH»