«Абай» шахтасында қаза болған кеншілер жерленді
«Абай» шахтасындағы апат 6 адамның өмірін жалмады. Екі адам улы газға тұншығып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
7 қараша күні сағат 08.24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты «Абай» шахтасында метанның шамадан тыс тарауы орын алды.
Төтенше жайт орын алған «Абай» шахтасында 2008 жылы да метан газы жарылысынан 14 адам жараланып, 30 адам опат болған еді. Жалпы аталмыш шахта іскерлік еткелі 50 адамның өмірі қиылған. Жеті қат жер астына түсіп, әр жұмыс күнінен соң отбасына аман оралғанына шүкірлік етер шахтерлер еңбек шарттарына риза еместіктерін айтып, талай мәрте наразылық білдіріп, ереуілге шықты. Десе де кен орындарындағы бақытсыздықтар мұнымен азаймай тұр.
Бұл жолы да жер астына түскен 64 кеншінің өмірі ажалмен арпалысқан апатты жағдайда қалды. Тағы да адам шығыны орын алды. Алпыс төрттің алтауын аман алып қалу мүмкін болмады. Жер астындағы тосын жайт К10 желдеткіш штрек аумағында орын алған. Бірден лап қойған метанның таралуы 41 пайыздық мөлшерде болған. Кенжардағы 6 адам тыныстау құрылғысын киіп үлгерместен, оқиға орнында мерт болған. Ал кенжардың кіреберісінде тұрған екі кенші санаулы секунд ішінде алғашқы көмек құрылғысын қолданып үлгерген. Олар Жеңіс Маралбаев және Элайдын Зейналов. Алғашында жансақтау бөлімінде жатып, кейіннен палатаға ауыстырылды. Оларға қойылған диагноз – энцефалопатия улану.
Қарашада алты отбасын қара жамылдырған «Абай» шахтасына қатысты ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мынадай мәлімдеме жасады: «Бұл шахта бірқатар ереже бұзушылықтарға байланысты сот шешімімен мамырда іскерлігін тоқтатуы тиіс еді. Алайда кен орны ол кемшіліктерді оңалтып, жұмысын жалғастырған болатын. Айта кету керек, бұл жолы арнайы құрылғы септік етпегенде құрбандар саны әлдеқайда көп болары анық еді. Бұл кен орны қазір газтехникалық жұмыстарды орындауда жаңа жабдықтарды орнатуда. Бұл құрылғылар газ шоғырлану деңгейін неғұрлым жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда шоғырланудың жоғарылағанын және электр қуатын жедел тоқтату қажет екенін оператор нақ осы құрылғы көмегімен білген. Бұл өзге адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Комиссия құрамына түрлі ведомстволардың өкілдері кірді. Оның ішінде ішкі істер министрлігі, төтенше жағдайлар, еңбекті қорғау, денсаулық сақтау және табиғи қорғау министрлігінің өкілдері бар»
«Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығы жаңа технологиялардың орнатылғанына қарамастан, метан газының шамадан тыс таралуы неліктен орын алғанын түсіндіре алмады. Енді оның себебін мемлекеттік комиссия анықтайтын болады.
«Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наирдың айтуынша, барлық шахталарда газсыздандыруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай инвестиция салынған. Биыл 15 млн доллар салыныпты. Бұл алдыңғы инвестициялардан 3 есе артық екен. Наир мырза қаржы құйылғанына, қауіпсіздік қамтылғанына сендіріп баққанымен, бақытсыздықтың басты себебі беймәлім. Сондықтан да бұл инвестициялардың қаншалықты тиімді пайдаланылғанын тергеу нақтылайды. Оқиғаға кінәлілер де комиссия жұмысының нәтижелері бойынша анықталады. Қазіргі уақытта шахтадағы барлық жұмыстар тоқтатылған. Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында жасалған еңбек шартына сәйкес қаза тапқандардың отбасыларына 10 жылдық ақшалай қаражат төленеді. Содан кейін жеке шарттар шеңберінде несиелерді өтеу мәселесі, студент балалары бар болса, оқу ақысын төлеу туралы қаралатын болады. Сондай-ақ, жеке шарттар шеңберінде бүгінгі күні мұқтаж адамдарға тұрғын үй беру мәселесі де шешілуі мүмкін.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
QH.