«Абай әлемі» байқауы – рухани мұра мен бірліктің жарқын көрінісі
Қарағандыда өткен «Абай әлемі» шығармашылық байқауы түрлі этнос өкілін бір сахнада тоғыстырып, ұлы ойшылдың рухани мұрасын ұлықтады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бұл шара – ел бірлігінің, мәдениеттер тоғысуының айқын дәлелі болды.
Қазақ мәдениетін ұлықтап, рухани бірлікті нығайтқан тағылымды шара өтті. Этномәдени бірлестік өкілдері бас қосқан бұл өнер байқауында қатысушылар хормен ән айтып, жеке вокалдық шеберліктерін паш етті. Сондай-ақ, Абай шығармаларын көркем оқу арқылы ұлы ойшылдың мұрасын жаңғыртты. Байқау барысында үздіктер анықталып, сахнада ұлттық өнерге деген зор құрмет пен сүйіспеншілік айқын сезілді. Өнер мен руханиятты тоғыстырған байқау қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Қатысушылардың жан-жақты дайындығы мен сахнадағы артистік шеберліктері көрермендерді тәнті етті. Шара аясында ұлы Абайдың өнегелі мұрасы кеңінен насихатталып, қазақ мәдениетіне деген терең құрмет пен сүйіспеншілік айқын көрініс тапты.
– Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Абай шығармаларын терең түсіну үшін көп дайындалдым, әрбір жолының мағынасын сезінуге тырыстым. Өзіме жақын өлеңді таңдап, оны бар жан-дүниеммен жеткізуге күш салдым. Абай – тек қазақ халқы үшін емес, бүкіл адамзатқа ортақ тұлға деп есептеймін. Оның сөздерінде терең философия, моральдық тұғыр бар. Абайдың поэзиясы менің рухани дүниемді байытып, қазақ мәдениетіне деген құрметімді арттырды. Бұл байқау – соны сезінуге мүмкіндік берді. Осындай рухани бағыттағы шараларға жиі қатысып, шығармашылық жолымды жалғастырғым келеді. Қазақ әдебиетін әрі қарай тереңірек зерттеуді де мақсат етіп отырмын. Бұл жеңіс – мен үшін тек бастама деп білемін, – дейді шараға қатысушы Елизавета Седышева.
Өнер додасында үздіктер анықталды. Хормен ән айту аталымы бойынша Теміртау қаласынан келген «Берегиня» орыс этномәдени орталығы топ жарса, жеке вокал орындауда Бұқар жырау ауданының өкілі Лариса Сәбитова озық шықты. Ал көркемсөз оқу шеберлігінен Қарағанды қаласының қатысушысы Елизавета Седышева үздік атанды. Жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болып, барлық қатысушы естелік сыйлықтар мен алғысхаттармен марапатталды.

