АБАЙ ІЗІ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА, СӨЗІ – СУРЕТ ӨНЕРІНДЕ
Қарағанды медицина университетінде қазақ руханияты мен өнерінің тоғысын паш еткен ерекше кеш өтті. «Абай ізі – ұрпақ жадында, сөзі – сурет өнерінде» деп аталған бұл республикалық танымдық-шығармашылық шара ел тарихындағы ұлы тұлға, қазақтың дана ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасына тағзым ретінде ұйымдастырылды. Мақсаты – ұлттың рухани қазынасын жаңғыртып, Абай мен Шәкәрімнің шығармалары арқылы жас ұрпақты ізгілік пен өнерге баулу, сөз қадірін ұғындыру.
Кеш аясында медицина саласының мамандары мен студенттері, өңірдің зиялы қауымы, тіл мамандары, кітапхана қызметкерлері және өнер иелері бас қосты. Бұл жиынның өзгешелігі – ғылым мен руханияттың, медицина мен мәдениеттің өзара үндестігі. Университет қабырғасында өткен рухани шара қонақтардың жүрегіне жылулық, ойына тереңдік ұялатты.
Шара алдында көрме ұйымдастырылып, қатысушылардың назарына Абай мен Шәкәрім шығармаларына арналған ерекше экспозициялар ұсынылды. Мұнда ақынның сирек суреттері мен портреттері, балалардың қолымен салынған туындылар, ұлттық нақыштағы бұйымдар және Абайдың қара сөздері қойылды. Сондай-ақ көрмеде Абай шығармаларының шет тілдердегі нұсқалары – ағылшын, француз, корей тілдеріне аударылған басылымдар, тіпті 1921 жылы жарық көрген көне кітаптар да көрермен назарын аударды. Бұл көрме қазақ руханиятының байлығын айшықтап, әдебиет пен бейнелеу өнерінің байланысын айқын көрсетті.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – медицина ғылымдарының кандидаты, суретші әрі жазушы Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиақпаровтың «Әке жолы. Перзент парызы» атты кітабының тұсаукесері болды. Бұл еңбек – Ахат Шәкәрімұлының өмірі мен шығармашылығына арналған, бұрын жарық көрмеген деректер мен естеліктерге толы рухани мұра. Автор ұзақ жылдар бойы жинаған материалдарын ғылыми жүйелеп, көркем шежіре түрінде ұсынған. Мақаш Әлиақпаров бұған дейін де «Ахат», «Ақын аманаты» атты кітаптарын жариялап, Шәкәрім мен оның ұрпақтарының тағылымын насихаттап жүрген тұлға. Сонымен қатар ол сурет өнерімен де айналысады – бүгінге дейін екі жүзден астам туынды салып, оның алпысқа жуығын Шәкәрім тақырыбына арнаған.
Кеш барысында дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын Абайдың әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал №23 мектептің оқушылары мен Қарағанды медицина университетінің студенттері ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, сахналық көріністер қойды. Әсіресе студенттердің Абайдың «Ескендір» поэмасынан үзінді көрсеткен қойылымы көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Шараға халықаралық қатынастар факультетінің шетелдік студенттері де белсене қатысты: үндістандық жастар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, «Қаражорға» биін билеп, Абай өлеңдерін қазақ тілінде жатқа оқыды. Бұл көрініс қазақ мәдениетінің әлемдік деңгейде мойындалғанының дәлелі болды.
– Абай мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл шара медицина ғылымының өнерге де қатысы бар екенін айқындайды. Адам тәні мен жанын емдейтін сала математикамен, әдебиет, философия және музыкамен де тығыз байланысты. Бұған қоса дәрігерлердің де өнерге бір табан жақын екенін көріп отырсыздар. Абайдың 150 жылдық мерейтойын дәл осындай сән-салтанатпен тойлаған болатынбыз, биыл 180 жылдығын да сіздермен бірге атап өтудеміз. «Бұл дүниеде өз шәкірттеріңнің ортасында өмір сүруден артық бақыт жоқ» деп Омар Хайям айтқандай, мен де шәкірттерімнің ортасынан табылғаныма қуаныштымын, – деді ғалым Мақаш Тыныштықбайұлы.
Кеш соңында қатысушылар Абай мен Шәкәрімнің мұраларын ұрпаққа жеткізу – тек әдебиетшілердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ борышы екенін атап өтті. Себебі Абай сөзі – адамзаттың рухани темірқазығы, ал Шәкәрім ойы – ар-ождан мен әділеттің айғағы. Университет басшылығы мен қонақтар мұндай рухани шаралар жастарды мәдениетке, ізгілікке, адамгершілікке баулуда зор рөл атқаратынын айтты.
«Абай ізі – ұрпақ жадында, сөзі – сурет өнерінде» атты кеш осылайша ғылым мен өнердің, білім мен руханияттың бірлігін көрсетті. Бұл тек мерейтойлық шара ғана емес, ұлттың рухани жаңғыруына жол ашатын, жастарға өнеге болатын тағылымды басқосу болды. Абайдың асыл сөзін, Шәкәрімнің терең ойын заманауи көрініспен ұштастырған бұл кеш – мәңгілік рух пен өнердің үндестігін айқын танытты.
Ералы ҒАНИ,
«QH»