АБАЙ ФАБРИКАСЫ: ШЫҒЫНЫН КӨРСЕТЕМ ДЕП ШАТАҚҚА ҰРЫНДЫ
Отыз жылда ойға алған талай белестерді бағындырдық. Өзгеге телмірмеу басты талап дедік. Алайда өзімізді өзіміз қамтамасыз етуде қарапайым жеңіл өнеркәсіптің өзі өркендей алмай тұр. Мемлекеттік деңгейдегісін былай қойғанда, өңірлік шағын өнеркәсптердің өзінде қиындық жетеді. Шаруасы шатқаяқтап тұрғанда мұндай шағын орындардың ел бюджетіне салық құйып, қарық қылмасы да анық. Жеңіл өнеркәсіптен мемлекет қазынасына түсетін жалпы салықтың көлемі жылына 8-10 млрд теңге көлемінде ғана. Шамалай беріңіз. Салықтан сараптама жасап, қай салаға қолдау керектігі сараланбайтындай.
Қазір жеңіл өнеркәсіп бойынша елімізде 1200-дей кәсіпорын болғанымен, оның 35-і ғана орта және ірі де, қалғаны ұсақ. Сондықтан мұндағы салықтың 35 пайызы орта және ірі кәсіпорындардың үлесіне тиеді. Ал қалған 65 пайызын орындап отырған ұсақтарға ұтымды қолдау бар ма?
Осындай шағын өнеркәсптің бірі Абай қаласындағы тігін фабрикасы. Тоқырау жылдарында қараусыз қалып, қаңырап тұрған. Кейінде цехтары тоналып, банктік кепілдемеге түскен. Іскерлігі құлдырап кеткен бұл ошақ жұмысын соңғы жылдары кәсіпкер Нұрхан Жұмабеков оңалту үстінде. Алайда жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған тігін фабрикасының жұмысын салықтық сала мемлекетке шығын әкелу тұрғысынан қатерлі деп есептейді. Бұл әрине бизнесмен үшін ауыр соққы болды. Оның айтуынша, фабриканы бүгінгі қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы, қаншама адами күш жұмсалған. «Соңғы төрт жылда біз 18 мың текше метрлік аумақты тұрақты түрде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Цехтар жұмысын жандандырдық, өнім шығара бастадық. Өнім ауқымын арттыру көзделуде. Сапалы өнімге сай сұранысқа ие болдық. Жұмыскерлерге жағдай жасау үшін жатақхана жасақтап, асхана ашсақ, сауықтыру-дене шынықтыру кешенін ашсақ деген жоспарымыз бар»,- дейді Нұрхан Жұмабеков.
Кәспорын бүгінде арнайы жұмыс киімдерін, төсек орын жабдықтарын, күртешелер, спорттық киімдер тігумен айналысады. Осылайша жұмысты бір сарынға қойып, отандық өнімге деген сұранысты өз деңгейінде орындап отыр. Салықтық заңдылық алдында іскерлігі айқын. Олай болмаған жағдайда бизнесмен кірісімен қатар ауқымды шығын көрсетпес еді. Шілдеде келген үш хатты зерделесек те осы пайым туындайды. Хат жолдаушы тарап, яғни салық органы фабрика іскерлігінің қатерлі болып табылу себебі ретінде соңғы үш жылдағы кәсіпорынның мардымсыз кірісін көрснткен. Өз кезегінде кәсіпкер кірістің бәрін фабриканы қалпына келтіруге жұмсап жатқанымен байланыстырды.
«200 миллион теңгені жөндеу жұмыстарына жұмсадым. Кіріс қаржысы қайда кеткеніне жауап осы», — дейді Жұмабеков.
Салықтық есепте шығынын шынайы көрсетем деп осындай келеңсіздікке тап болған. Өз кезегінде құзырлы водомоства салықтан жалтармайтын нысандарға бұл шара қолдану емес, тек хабарлама, ескерту түріндегі міндетті жұмыс дейді. Салық комитеті тарихи өнеркәсіпке жан бітірген кәсіпкерге өзіндік жеңілдік жасаған. Айтуларынша, бизнесмен салықтық есепте көрсеткен шығындарын шындық тұрғыда негіздеп көрсетуі керек екен. Шығын қаржысы қайда жұмсалды деген мағынада.
Бұл мәселе әлеуметтік желіде көтеріліп, біраз пікір жазылды. Оқырмандардың басым бөлігі бизнесменді қолдап, пікір қалдырған. Кәсіпорынның іскерлігі көрсетілген арнайы парақшадағы жазбаларға сараптама жасай келе өнімге деген сұраныс және тұрақты тұтынушылар барын аңғардық. Ендеше, ел экономикасының қозғаушы күшінің біріне айналуға тиісті жеңіл өнеркәсіптің өркендеуін тілейік.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ QH.