Қағаз шығарушы комбинатқа жаза қатаң
Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинатынатына қатысты жағдай оңалмады. Өндірістің сарқынды суын құяр арық қазып амалдаған кәсіпорынның бұл тірлігі қатаң шара қолдануға итермеледі. Ескертуге енжарлық танытқандарға экология департаменті айыппұлдық жаза тағайындады.
Жаз басында «Костенко» шахтасы маңындағы бір ауыл жұртының өндіріс іскерлігіне қатысты шағымы экологтарды елең еткізген еді. Целлюлозды қағаз бен картон шығарушы зауыттың сарқынды суы сырқатымызға себеп болды,- деген жұрт өндірістегі өрескел заң бұзушылықтың айғақталуына себепкер болды. Сығынды су сол маңдағы су қоймасына құйылып, судағы тіршілік атаулы түгел жойылған. Ол аздай қолқақабар иіс төңірекке тұрақтап, жұрт еркін тыныс алудан қалған. Дамылсыз жөтел мен бас ауруына шағымданған жұрт жағдайдың тексерілуін талап етті. Осыдан кейін бұл мәселеге экологтар ден қойып, Қоғамдық кеңеспен бірлескен кеңес өтіп, мәселе кең талқыға салынған еді. Министрліктен арнайы рұқсат сұраған экология департаменті дабыл қаққандардың алаңдауы тегін еместігін түйсінді. Тексеріс жүргізген құзырлы мекеме комбинат іскерлігіндегі заңсыздықты дәйектеді. Осы уақыт аралығында жағдай оңалтылуы тиіс еді. Ескертудің нәтижесін көруге келгендер алғашында төгінділер көрінбейтініне көз жеткізіп, нәтижеге қанағаттанды. Алайда комбинат тарапынан қабылданған шара шығарындыларды тек басқа жерге бағыттаумен шектелген болып шықты. Нақты айтқанда, кәсіпорын ұзындығы 70, ені 5, тереңдігі 6 метрге жуық арық қазып алып, өз бетінше амалдағаны айғақталды. Яғни өндіріс барысында артық су қазып қойған котлованға құйылып, қайта алынып отырған. Оқиға орнында болған Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Гүлнар Құрбанбаева жағдайды былай деп сипаттады:
– Тұрғындар жағдай о бастағы күйге қарағанда анағұрлым жақсарғанын айтып , рақметтерін айтып жатыр. Бірақ біздің ойымызша, жағдайдың жақсарғанынан бөлек, біз экологиялық қызметпен жалпы жағдайдың қаншалықты екенін, әрі қарай қалай жүзеге асырылатынын талқылауымыз керек. Себебі бұл химиялық заттардың барлығы су ресурстарында қалды. Сарқынды су шахта орнындағы метанмен араласып, осындай жағымсыз иіс шығаруда. Бұл, әрине, дұрыс емес.
Өз кезегінде жауаптан жалтармақ болған комбинат басшылығы енді тек талапқа сай жұмыс істейміз деп сендірді. Экологиялық нормаларды сақтап, су пайдалану жүйесін жасақтауы тиіс. Экологиялық заңнама талаптарын орындамағаны үшін жауапты мекеме тарапынан шара қолданылды. Жалпы зауыт осыған дейін өндіріс қалдықтарын ашық аумаққа шығармай, оны төгуге арналған сүзгілерді орнатуы немесе қалдықты төгуге арналған бетон бассейн салуы керек еді. Алайда ол талаптар орындалмады. Сол себепті сот кәсіпорынға 1 миллион 400 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов су қоймасы басында болып, жағдайға қатысты қолданылған шара жайын түсіндірді:
– Тексеріс барысында біз экологиялық заңды нормалардан ауытқуды аңғарып, мекемені айыппұлға тарттық.Осыған дейін қоршаған ортаға келтірілген залалдың салдарын жоюға нұсқама берілген. Бірақ әзірге біз берген нұсқама талаптары орындалмаған.
Яғни, кәсіпорын өзіне тиесілі жауапкершілік талабын орындаған жоқ. Экологиялық департамент Қарағанды қағаз комбинатының заңсыз әрекетін тоқтату үшін сотқа талап арыз жіберген. Бұл өтініш қаралу үстінде. Сот мақұлдап жатса, кәсіпорын нормаға қайшы келетін барлық жұмыстарын оңалтпайынша, жұмысын тоқтатуына тура келеді. Табиғатқа келген залалдың қашан толық қалпына келері белгісіз. Су беті әлі де балдырлы көпіршікпен көмкеріліп тұр.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
QH.