Ақтаудың байтағына аңыз болып….

Социалистік еңбек ері, даңғайыр шопан Шалғынбай Ынтықбаев туралы әпсана

«Елу жылда ел жаңа»,- дейді халқымыз. Біздің балалық шағымыз совет заманында, коммунистік қоғамда өтті. Мойнымызға қызыл галстук байлап, комсомолға өтуге құштар болдық. Совет одағы мызғымас алып қамал сияқты еді. Бала едік қой…Үлкендер айтатын коммунизм дәуіріне жететінімізге бек сенімді едік… ХХ ғасырдың 70 жылдары. Дәл сол уақытта енді жыйрма жылдың шамасында Совет үкіметі құлап, Қазақстан Тәуелсіз ел атанады дегенге ешкім сенбес еді. Болжаусыз өмір деген сол. Коммунистік идеологияның пәрменділігі соншалық санамызды әбден улап тастаған ғой. Ол кезде туған тіл, дін, имандылық, салт – дәстүр, ұлт тарихы сияқты мәселелерге ешкім алаңдамайтын. Бәріде дұрыс өз қалпында сияқты көрінетін. Айналайын Азаттық келмегенде мүлдем мәңгүрттеніп, «зиялы» совет халқы болып қала берер ме едік кім білсін.

Бұл күнде сол советтік дәуірді аңсайтындарда кездесіп қалады. Әсіресе, бұл үрдіс алпыс-жетпістен асқан үлкендер арасында байқалып жатады. Әр қоғамның көлеңкелі, күнгей тұстары болуы заңдылық. Совет қоғамын еске алғанда менің бір түйсінгенім коммунистік идеология еңбек адамын ерекше бағалаушы еді. Сол заманда аты аңызға айналған жетісулық Нұрмолда Алдабергенов, әйгілі шопан Жазылбек Қуанышбаев, сыр бойындағы атақты күрішші Ыбырай Жақаев, қостанайлық механизатор Кәмшат Дөненбаева, жаңаарқалық даңықты шопандар Сатан Ысқақов, Шалғынбай Ынтықбаевтар есімі республикамызға кеңінен таныс еді. Бүгінгі әңгіме төркіні сондай даңықты еңбек адамдарының бірі Шалғынбай Ынтықбаев жайлы болмақ. Уикипедия анықтамалығында Шалғынбай ақсақал туралы қысқа ғана былай деп жазылыпты: «Шалғынбай Ынтықбаев (1936 жылы туған), шопан, Социалисттік Еңбек Ері (1966). Жанаарқка ауданы «Ақтау» кеңшарының аға шопаны болып істеп, бірнеше жыл қатарынан бағымындағы отарды шығынсыз сақтап, төл өсіруде және жүн қырқуда жоғары көрсеткіштерге жетті. 1965 жылы әр жүз саулықтан 113- тен қозы алды. Ленин орденімен марапатталған». Әрине бұл ақпарат уикипедия талабына сай осылай қысқа жазылған. Неге олай деуге хақымыз жоқ. Энциклопедияларда, аудан, облыс тарихнамаларында Шәкең туралы біршама деректер жазылғаны белгілі. Бірақ оның бәрі Шалғынбай әкеміздің адами болмысын, отбасылық жағдайын, тағдыр-талайының қаншалықты мағыналы, мәнді екенін толық ашып көрсетпесі анық. Сондықтанда өткен ғұмырға көз жіберіп, ойланып, толғанып Шәкең жүрген іздер сорабын сонау алыс күндерден іздеуіміз орынды ғой деп ойлаймыз. Көз алдыма Ақтаудың ұлы байтағы келді. Алыстан мен-мұндалап көрінген Қабантау, Тасқоралы, Қора таулардың көгілдір сағымға оранған жоталары елестеді. Одан берідегі Мыржық, Сауғабай қыстақтары мұнартып тұратын… Сол ұлы далада кез-келген анықтама сөздікке сия бермейтін Шалғынбайдай тау тұлғалы әкеміздің ғибратқа толы ғұмыры, соқтықпалы-соқпақты тағдыры жатқанын ауылдастарынан артық кім біле берсін…

Менің де әкем бар ғұмырын қой соңында өткізген жан. Есім сойымның Қойлыбай деп тегін қойылмағанын аңғарып отырған боларсыздар. Біздің үй ұзақ жылдар Қорған, Боқсай қыстақтарын қыстап жүрді. Бұл жерлердің арасы Геройдың (Шалғынбай әкеміздің) ауылы Сауғабайдан қозы көш жер. Қыста екі үй омыртқа, шекеге шақырысып жүретін. Қайбір жылы қарашадағы күйек науқаны кезінде Қорған қыстағында отырғанымызда үйімізге Шалғынбай ағамыз келген. Иә, ол кезде Шәкеңдер отызды енді орталаған жігіт ағасы еді-ау. Біз ойын баласы едік. Герой аттан түсіп жатыр дегенге далаға жүгіріп шыққанбыз. Мініп келген аты бусанып тұр екен. Қасында құмай тазысы бар. Сірә, жолай аң қағып келгенге ұқсайды. Қонышы тізесін жапқан үлкен саптама етігін шешіп, төрге озған. Құмай тазы үйге ере кіріп бұрышқа жайғасты. Иттің үйге кіргенін бірінші көруім. Бала да болсақ біраз кітапты оқып тастаған кезіміз. Сырмалы шекпен, саптама етік, құмай тазы… осының бәрі кітаптан оқыған қазақы салтты көз алдыма әкелді. Герой деген осындай болады екен ғой деймін іштей. Күйектің шаруасымен бөлімшеден Шапау, Серік ағаларымыз келіп жатқан. Қыстақ әп сәтте қонақтарға толып, мәре-сәре болып қалдық. Ол кезде алты ай қыс жалғыз отыратын қойшының отбасы үшін қонақтардың келуі үлкен қуаныш. Шешеміз қазан көтерді. Сәлден соң пеш үстінде бүлкілдеп қайнай бастаған қазы-қартаның иісі жақсы отырыстың нышанын аңғартқан. Қойшының қоңыр үйінде мамыражай бір сәт туды… Төргі бөлмеде құс жастықты шынтақтай жатқан қонақтар аз-кем есен саулықтан соң ұзақ-сонар әңгіме тиегін ағытқан…

Қойшының ғұмыр… Қойшының ғұмыры баз біреулер ойлайтындай саф ауа, саумал қымыз, жазиралы жайлау, ақшаңқан киіз үй, ақтылы қой, тамылжыған табиғаттан қана тұрмайды. Қойшының ғұмырын қой баққан адам ғана біледі. Бала кезімде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кедей» атты өлеңін оқып қатты әсерленгенім бар.

Күзгі түн, шөптің басын қырау көмген,

Ызғар шашып, бұлт мынау жерге төнген.

Қараңғы, итпен бірге қой күзетіп,

Мен ояу, ел ұйқыда, оттар сөнген.

Құдай-ау деймін тура осы көріністі кез келген қойшының баласы сезініп өскен шығар. Өлең мен өмір… Мейлі, Сұлтанмахмұт ақын өлеңі федолдық дәуірді суреттеп тұрсада, социалистік дәуірде ғұмыр кешкен қойшының тірлігі де осыған ұқсас. Айырмашылығы социализмде аш болған жоқпыз. Еңбек бағаланды. Бірақ өлеңдегі күз суреті, күздің қараңғы ұзақ түні, жалғыздық, қой күзеткен ұйқысыз түндер… осының барлығын сол кездегі қойшылардың қай-қайсы болмасын басынан өткерді. Мұнан әрі ақын өлеңінде қойшы бала тірлігін былайша өрбітеді:

….Әсіресе, жаздың қысқа түндерінде,

Шаршап, тәтті ұйқыға кіргенімде,

Көзді тырнап, күн шықпай, қой өргіздім,

Ауыз кебер шілденің күндерінде.

Құрттаған, биттегеннің құртын алып,

Шірігін жумап па едім дәрі жағып.

Ішуге, кір жууға су тасыдым,

Иығыма мойынағаш, шелек салып…

Үлкен аналарымыз Шалғынбай әкеміз туралы әңгіме қозғала қалса «Ее қайтсын-ай жетім өскен бала ғой. Құдай бақ-дәулетін көтерді. Алла тіл-көзден сақтасын,-деп отырғанын талай естідік. Сұлтанмахмұт ақынның өлеңін оқығанда Шалғынбай әкеміздің тағдыры ойымызға оралуы тегін емес…

1968 жылдың жазында Жалпаққорада үлкен той болып, Шәкеңнің көк аты бәйгіден келді. Өткен қыста ғана осы көк атпен Қабантаудың баурынан қасқыр соғып алған. Жүйрік тізгінін Шәкеңнің тұңғышы, шабандоз бала Қашқынбай ұстады. Омырауында Социалистік еңбек ерінің алтын жұлдызы жарқырап, жүйрігі бәйгіден келіп, қанжығасы майланған жігіт ағасы Шалғынбайдың мерейі өсіп, абыройы асқақтаған қайран қамсыз күндер-ай…

Жалғыздың жары құдай деген осы шығар. Атадан жалғыз қалған тұяққа Мәншен анамыз бар мейрімін төгіп өсірді. Шалғынбайына Алла жігітке тән жеті қасиеттіде берді десе болады. «Жүйрік ат, берен мылтық, алғыр тазы, асыл жар…» осының барлығы Мәншен ананың жалғызы Шалғынбайда болды. Қарындасы Ырыстай ертерек қайтыс болды. Көпшілік Шалғынбайды жалғыз жігіт дейтіні сондықтан болар. Бағына қарай құдай қосқан қосағы шаңырақтың берекесі болып шықты. Шәкеңнің тарақтының сұлуы Жақсыбалаға сөз салғаны туралы ауылдастары аңызға бергісіз әңгімелер айтады…Азаматтың қадыры, абыройы үйдегі асыл жарына байланысты екені белгілі. Жақсыбала анамыздың бесігі құтты болды. Он екі құрсақ көтерді. Сегіз ұл, төрт қыз аман-есен ер жетіп, Шәкең мен Жақсыбала анамыздың өрісі кеңейді. Алланың берген бақыты осы емес пе?! Мәншен кейуана шырайлы шаңырақтың базарлы дәуренін көз алдында өткізіп, он екі немере сүйді. Жақсыбала келіні батыр ана атанды. Қос геройдың анасы атанған Мәншен шешеміз 1981 жылы 80 жасқа таяп бақилық болды. Атадан қалған жалғыз тұяқ Шалғынбайының алты алашқа танымал айтулы азамат болғанын көріп кетті.

Шалғынбай әкеміз бен Жақсыбала анамыздың ұл-қыздары адамгершілігі, мейрім-ізгілігі мол тәрбиелі азаматтар болып ер жетті. Қашқынбай, Досан, Жұмағали, Күміс, Қыдырбай, Жұмакүл, Әсемкүл, Азамат, Бақыт, Нұрболат, Нұртай, Қайсар барлығы да өскен, өнген әулетке айналды. Биыл шаңырақтың кенжесі Қайсардың өзі қамал бұзар қырық жасқа келіпті. Ұл ұлықты, қыз қылықты, келін келісті, немере өрісті, ұрпағының еңбегі жемісті болса Ата-ана үшін одан асқан бақыт бар ма?! Өмір жалғасы дегеніміздің өзі осы емес пе?! Қазір Шәкең ұлдарының ішінде Жұмағалиы бақилық болған. Жұмағали арыстан жүректі, жолбарыс білекті нағыз жігіттің сырттаны еді.Ұзақ жылдар Жамбыл облысының шопандары Ақтаудың сыртын жайлады. Жамбылдың қойшыларын үйсіндер дейтінбіз. Ала жаздай Арғын-Үйсін ерулік, шілдеханаларда той жасап, көкпар беріп жататын. Жұмағалидың атағы сол кезде дәуірледі. Тақымына түскен серкені ешкім жұлып ала алмайтын. Қарулы, тас тақым азамат еді!

 

***

Мезгіл мамыр еді. Тобылғы гүлдеп, жер-ана мың сан бояумен түрленіп Сауғабайдың керім даласы мұнартып тұрған. Көктегі бозторғайдың шырылы дүниеге деген ғашықтық жырын паш еткендей жан-жүректі ерекше күйге бөлейді. Таң шапағының астында Қойтасқа қарай қаптай өрген ақтылы қой жазиралы даламен керемет жарастық тапқан. Қой соңында қылаң атын сипай қамшылап, Шалғынбай шопан келе жатты. Көкжиегі көгілдір таулармен көмкерілген Ақтаудың ұлы даласы марғау тыныстап жатқан. Бой сергітер таңғы самал жанға жайлылық ұялатқандай…Ұйыса өскен тарлауыт пен көде басы баяу тербеледі. Шырғайы мен шайыры, жусаны мен селеуі араласа өскен айбоз дала тіршілікке бар мейрімін төгіп тұрғандай. Қой жарықтықтың тоят табар мезгілі осы мамыр айы ғой. Жапан дала! Жалғыздық! Жалғыз адамның серігі ой… Ұлы дала Шалғынбай шопанды ойшылдыққа үйреткен…

Биыл тамыз айында даңғайыр шопан, еңбек ері Шалғынбай Ынтықбаев ақсақалдың өмірден озғанына он жыл толады… Есімі ел ішінде аңыз болып қалған қарапайым еңбек адамына деген құрметтен туған әпсана еді бұл!

 

 

Қойлыбай Асан

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ҚР мәдениет қайраткері