АҚ ХАЛАТТЫЛАР ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРҒЫДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ?

Қазақстанда дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылатын болады. Алдағы уақытта денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілуі мүмкін. Өзгерістер ақ халаттыларды қаржылық және құқықтық тұрғыдан қорғау мәселесін қарастырады. Себебі, тәжірибеге сүенсек, абзал жандар көбінесе кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын көрінеді. Ал, мұндай жағдайда сот пациенттердің тарапына шығып жатады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша соңғы 3 жылда қызметін дұрыс атқармаған 70-ке жуық дәрігер сотқа тартылған. Ал, шағымданушы тарапқа өтемақы ретінде 40 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Аталған сақтандыру осындай олқылықтағы қарыздарды жабу мақсатында іске қосылмақ.

Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев те бұл бастаманы қолдап отыр.

— Шағымданушы тарап көбінесе дәрігерлерден ерекше ірі көлемде өтемақы талап етіп жатады. Ал, оны сот мұқият қарап шыққан соң, пациент жаққа шықса, дәрігер аталған қаржыны төлеп беруге міндеттеледі. Мұндай жағдайда мен аталған сақтандырудың тиімді тұстары бар екенін мойындаймын. Себебі аса ірі көлемдегі өтемақылық қаржыны қарапайым дәрігер төлеп бере алмайды. Бұл жерде сақтандыру — осы қауіпке бейім ота жасайтын хирургтер,аса ауыр дерттерді емдейтін дәрігерлерге тиімді болар еді, — дейді ол.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес медицина қызметкерлері адам денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-82 – баптарына сай 20-дан 80 АЕК-ке дейін айыппұл және қылмыстық кодекстің 317-323 баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, олардың ішінде құқық бұзушылықтардың басым бөлігі медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, яғни 317-бап бойынша өтеді.

Заңға сүйенсек, денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін 200 АЕК — ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тіпті болмаса 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға болады. Күрделілігіне қарай 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы да мүмкін. Ал, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін — 3000 АЕКке дейінгі мөлшерде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге тіпті болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Қаралып жатқан қылмыстық істер көбінесе пациенттердің пайдасына, яғни медицина қызметкерінің айтарлықтай материалдық өтемақы төлеуімен аяқталады. Көбінесе қылмыстық істер хирургиялық араласумен байланысты мамандықтарда қозғалады, онда үнемі өлім қаупі жоғары. Бұл акушер-гинекологтар – 14 адам, хирургтар – 14, травматологтар-8 және анестезиологтар. Осылайша, ауыр жағдай туындаған кезде медицина қызметкері ауыр айыппұл арқалап жалғыз қалатын. Медицина қызметкерінің жалақысын ескерсек, пациентке келтірілген залалды өз бетінше өтеу мүмкін емес.

Сондай-ақ, осы заң жобасында медициналық қызметкердің мәртебесін арттыруды көздейтін ережелер қарастырылған. Олар әлеуметтік кепілдіктер, яғни дәрігерлерді лауазымды және басқа тұлғалардың заңсыз араласуынан қорғау, мамандыққа құрметпен қарау, ынталандыру төлемдерін ұсына отырып, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізу. Бұл бастамалар «Педагог статусы» туралы заңнамада да көрініс тапқан. Сондықтан бұл бағытта қазақстандық модель бар екенін атап өткен жөн.