Ақ халатты абзал жандар
Қазақстанда маусымның əр үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні. Атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Мереке қарсаңында Қарағанды облысының дәрігерлерін кәсіби мерекемен облыс басшысы Ермағамбет Бөлекбаев және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтады.
Қарағанды облысында 17 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Кәсіби мереке қарсаңында үздік қызметкерлерге ведомстволық наградалар табысталды. Ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жас мамандарға көтерме төлемақы берілді. Биыл облыста бұл сома 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Өңір басшысы дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, амандық, денсаулық, табыс және жаңа жеңістер тіледі.
– Бүгінгі кездесуіміз – сіздердің қызметке деген алғыс белгісі ретінде Медицина қызметкерлерінің күніне орай арнайы өткізіліп отырған шара. Осы сәтті пайдаланып өңір мамандарының жүрек пен қантамырларына, омыртқаға, ми мен жұлынға күрделі операция жасайтынын, буындарды протездеу, жаңа туған нәрестелерді күту, онкологиялық ауруларға көмек көрсету саласында және заманауи медициналық құралдарды пайдалануда шебер екенін арнайы айтқым келеді. Біздің медицина қызметкерлері жоғары құрметке лайық және тек ел ішінде ғана емес, одан тысқарыдағы әріптестері арасында да танымал. Бізге облыс тұрғындары үшін жоғары технологиялық медицинаның қолжетімділігін арттыру маңызды. Қолда бар инфрақұрылымды жақсарту ерекше назар аударуды талап етеді. Дәрігерлердің жұмыс істегені, ал тұрғындардың емдеу орындарына, заманауи медициналық мекемелерге келгенде көңілі толғаны маңызды, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.
Құттықтауларға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қосылды.
– Қарағанды облысы әрқашан денсаулық сақтау саласының флагманы болған және болып қала береді. Оған сіздердің жұмыстарыңыз ерекше үлес қосып жатыр. Сіздерге алғыс айтамын және барлығыңызға зор денсаулық тілеймін! – деді министр.
Құттықтаудан соң ведомство басшысы бірқатар медицина қызметкеріне марапат табыстады.
Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 72 медицина қызметкері ведомстволық наградаға ие болды. Ерен еңбектері үшін олар «Еңбек ардагері» медальдарын, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін алды.
Марапатталғандардың бірі – Облыстық балалар клиникалық ауруханасындағы Қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Галина Калиева. Ол осы мамандыққа 23 жыл өмірін арнаған. Қарағанды медицина академиясын бітіргеннен кейін педиатрияда қызмет еткен.
– Әрине, біз күрделі жағдайларға жиі тап боламыз. Пациенттеріміздің денсаулығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз, – дейді Галина Калиева. – Медицина – менің болмысым, әрқашан дәрігер болуды армандайтынмын. Менің жұмысымды бағалағандарыңыз үшін рақмет. Бұл марапат одан да жақсы жұмыс істеуге, білім мен дағдыларымды жетілдіру керек деген жауапкершілік жүктейді. Соңғы жылдары мемлекет, жергілікті билік денсаулық сақтауды жақсарту, дәрігерлер мәртебесін көтеру үшін көп жұмыс жасады.
Жас дәрігерлер облыс әкімінің қолынан ақшалай сертификат алды.
Шымкент қаласының тумасы Тұрсын Оразбай С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітіргеннен кейін Шет ауданының Өспен ауылына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмыс істеуге келген.
– Мұндай көтерме төлемақылар – біз үшін үлкен көмек. Еңбек жолын жаңадан бастаған дәрігерлер үшін барлық жағдай жасалған, – дейді жас дәрігер. – Өз басым басқа әріптестеріме «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысуға кеңес беремін. Менің бала кезімнен дәрігер болғым келді. Барлық мақсатым сәтімен орындалғанына және адамдарға көмектесе алатыныма қуаныштымын. Барша медицина қызметкерін төл мерекесімен құттықтаймын! Денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін!
Салтанатты бөлімнен кейін дәрігерлер кәсіби мәселелерді талқылады. «Медбикелер және денсаулық сақтау мен білім берудегі инновациялық технологиялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан, Өзбекстан және Беларусь мамандары тәжірибе бөлісті. Қазақстанда енгізіліп жатқан мейіргерлік қызметтің жаңа моделі таныстырылды.
– Бұл кездесу білімімізді кеңейту, жаңа технологиялар туралы білу үшін өте маңызды. Медбикелер болашақта шетелдегідей дәрігерлерді алмастыра алады деп айта бастадық. Осы тәжірибені енгізуге дайынбыз. Реформалар пайдалы болатынына сенемін, – деді Қарағанды жоғары мейіргер колледжінің директоры Сәттар Әбдіғұлов.
Жалпы, өңірде денсаулық саласына қатысты үлкен шаралар атқарылып жатыр, мейірбикеге деген кадр дефициті жылдан-жылға азайып, көп грант бөлінуде. Мысалы, биылға дейін 200 грант берілсе, биыл оның саны 500-ге дейін артқан. Бүгінге Қарағанды жоғары мейіргер колледжінде 2 мыңға жуық студент білім алуда.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»