Ақаулы учаскелері бар ақылы жолдарда төлем қысқарады

Қазақстанда жүргізушілер енді сапасы төмен учаскелері бар ақылы жолдар үшін толық көлемде төлем жасамайды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.

Жаңа ереже бойынша, егер ақылы жолдың белгілі бір бөлігі жөндеуді қажет етсе, сол ақаулы шақырымдар үшін ақы алынбайды. Мәселен, 100 шақырымдық ақылы жолдың 5 шақырымы жарамсыз деп танылса, жүргізушілер тек 95 шақырымы үшін ғана төлем жасайды. Ақау жойылғаннан кейін төлем толық ұзындыққа қайта есептеледі.

Министрліктің мәліметінше, барлық есептеу және ақауларды тіркеу процесі автоматты түрде жүзеге асырылады. Жаңа талап республикалық және халықаралық маңызы бар барлық ақылы жолдарға қолданылады.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»