АҒАШТАРДЫ САНИТАРЛЫҚ КЕСУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕШІКТІРІЛУДЕ
Кесілмеген ағаш бұтақтары тротуарларды басып, жүргізушілерге кедергі келтіруде. Қарағанды қаласының тұрғындары осындай шағымдарын жеткізуде. Олардың сөзінше биыл артық ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілмеген көрінеді. Дәуітжан Жақсыбаев – Рейсовая көшесінің тұрғыны. Зейнеткер ағаштардың кесілмеуінің салдарынан бірнеше мәселе туындап отырғанын айтады. Тіпті жаяу серуендеудің өзі қиындап кеткен көрінеді. Тұрғындар көшеде көптеген бала жүретінін, ал жүргізушілер ағаштың кесірінен бұрылыстарда көрмей қалу қаупі бар екенін айтуда.
– Бұл көшеде жабайы ағаштар өсіп кеткен. Кәрі талдар көшенің тең жартысын басып қалды. Қазір мына жерден машина өту қиямет-қайым. Биік машиналардың жабайы талға төбесі тиеді. Бұл көше өркениеттен ада, құдды бір иесіз қалғандай. Көліктерге жүру өте қиын, – дейді ақсақал.
Сондай-ақ, тар жолдың салдарынан жол бойында орналасқан құдықтарға залал келуде. Жеңіл автомобильдер мен ауыр жүк көліктер осы арадан өткен кезде оларды сындырып кетеді екен.
– Бұл көшенің жағдайы шынымен де қиын. Сиқы сұрықсыз. Тіпті көлікті тізгіндесеңіз ішек-қарныңызды ақтарып қалатындай күй кешесіз. Ал жаяу жүрсеңіз тобығыңызды сындырып ала жаздайсыз. Енді біз үміттенеміз. Егер асфальт салынып жатса, жолдың барлығы қисық болады. Біздің осындай тілегіміз бар. Ағаштарды қиып, жолымызды жасап берсе жақсы болар еді, – деп отыр зейнеткер Дәуітжан Жақсыбаев.
Ал тротуарларды басып алған ағаштарды қаланың түрлі көшесінен көруге болады. Құлайын деп тұрған ағаштарды кесуді өтінген тұрғындардың легі күрт көбейіпті. Қазыбек би атындағы аудан әкімдігі мамандары биыл ағаш кесу жұмыстары әдеттегіден кеш басталғанын жасырмады. Әйтсе де жұмыс ретке келтіріледі деп сендірді, жоспарлау және абаттандыру бөлімінің бас маманы Ұлықбек Жасұзақов.
– Қазіргі уақытта бізде мердігер анықталған. Абай көшесі, Бұқар жырау, Чкалов, Сәкен Сейфуллин, Аманжолов, Волгоданская және Поспелов даңғылдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен, біз қазір санитарлық кесу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бағдаршамдарға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жол ашамыз. Тұрғындардың барлық өтініші, олар бақылауда, барлығы жазылды. Біз бәрін жоспарлы түрде жасаймыз. Бір уақытта біз барлық көшені қамти алмаймыз.
Рейсовая көшесі тұрғындарының өтініші шұғыл қабылданды. Жақын арада бұтақтарды кесу жұмыстары жүргізілетін болады деп уәде берді жауаптылар.
Сарапшылардың айтуынша, санитарлық кесу ағаштардың пішінін жақсарту, өсімдіктердің өсуін, дамуын және оның ұзақ гүлденуін реттеу үшін жасалады. Атап айтқанда, кесудің 3 түрі бар: санитарлық, жасарту және қалыптау. Санитарлық кесу жыл сайын және күнтізбелік жыл ішінде жүргізілуі керек. Ол ауру, кепкен, сынған, салбырап тұрған, зақымдалған, сондай-ақ ағаштың басындағы қураған бұтақтарға жүргізіледі. Ал ағаштарды жасарту үшін кесу ағаш жыл сайынғы өсуді тоқтатқан кезде жасалады. Қалыптық кесу ағаштың жасанды пішінін жасау және сақтау үшін жүргізіледі.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»