Жанға жайлы жылы аялдама

Қарағанды қаласында жылы аялдамалар жетіспейді. Қыстыгүні қақаған аязда ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендейтін кеншілер шаһарында қазір небәрі 2 жылы павильон бар. Осыған байланысты қала билігі биыл тағы 13 заманауи аялдама салуды жоспарлап отыр. Олардың бесеуі Майқұдықта, сегізі қалада және Оңтүстік-Шығыста болады.

Осыдан 4 жыл бұрын Қарағандыда жеке инвесторлар есебінен екі павильон салынған еді. Жылы кезеңде оларға тірі жан бас сұқпағанымен, қыста ине шаншар орын болмайды. Тиімділігін байқаған жауаптылар биыл қысқа дейін бюджет есебінен тағы 13 аялдама салуды жоспарлап отыр. Мұны тұрғындар да құп көреді.

Аялдамада автобус күтіп тұрған жолаушылардың бірі: «Студенттерге жақсы, сосын мүмкіндігі шектеулі жандарға да қыстыгүні суық болады, олар далада тұрмайды ғой, негізі, дұрыс болды», – десе, екіншісі: «Ішіне жауапты маман қойып, тәртіп пен тазалығын қарап отырса нұр үстіне нұр болар еді», – дейді. Өзгесі жылы аялдама ішінде ұялы телефон қуаттайтын орын, автобус кестесін көрсететін табло болса деген тілек білдірді.

– Бүгінгі таңда аялдамалардың қаңқалары жасалды, коммуникациялар дайындалды, төсеніштер төселуде. Келесі аптада біз бірінші павильонды орната бастаймыз. Аялдамалар аудандық әкімдіктерге қызмет көрсетуге беріледі. Ең әуелі жолаушылар ең көп жиналатын аялдамалар таңдалады, – деді Қарағанды әкімінің коммуналдық сала жөніндегі орынбасары Мейрам Кожухов.

Қазір адам ең көп жүретін 13 орын таңдалған. Павильондардың ұзындығы 10 метр болады. Онда 25 адам сыяды. Жоба үй-күйсіздердің тұрақты мекеніне айналмас үшін, жауапты маман тағайындалып, ол таңғы 6:00-де ашып, түнгі 23:00-де жауып отырады.

– Аялдаманың бесеуі Майқұдықта, қалған сегізі Қарағанды қаласында салынады. Павильонға жауапты адам тағайындалып, олқылықтар анықталса, бірден жойып отырады, тазалығына да жауапты болады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да еш кедергісіз кіріп-шыға алады, – дейді қалалық ТҮКШ бөлімі жолаушылар тасымалы секторының меңгерушісі Асыл Төлеубаев.

Аялдамалар салынған соң, қалалық әкімдік балансына өтеді. Ондағы бейнебақылау камераларын тиісті мамандар немесе полицейлер бақылап отырады. 13 аялдамаға бас-аяғы 162 млн теңге бюджет қаржысы бөлінген. Бір аялдаманың құны шамамен 8 миллион теңгеден сәл асады. Мұндай жұмыстар келесі жылы да жалғаспақ.

Аялдамалар Майқұдықта Көгілдір тоғандар және 19-шағынаудан, «Қарлығаш» аялдамасы, Жаңа Майқұдық МҮ және «Горняк» базарында орнатылса, қалада Кеншілер МҮ (екі жағынан), ОӘД (екі жағынан), «Шығыс» базары (бір павильон), «Таир» СҮ (бір павильон), Шахтерлер даңғылындағы «Корзина» аялдамасы (бір павильон), «Политех» аялдамасы (бір павильон) орнатылады.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»