Сараланған тариф енгізілмек
Осы сенбіден бастап Қарағанды қаласында қоғамдық көліктерде жолақы құны сараланған тариф бойынша есептелмек. Яғни автобустар мен маршруттарда «ONAY!» көлік картасын пайдаланатын жолаушылар 80 теңге, ал қолма-қол ақшамен жүретіндер 150 теңге төлейді.
Қоғамдық көліктерге сараланған тариф енгізу мәселесі көптен көтеріліп келген. Әйтсе де нақты шешім енді қабылданды. Осыған орай Қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Дюсембеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында көптің көкейінде жүрген біршама сауалға жауап берді. Оның айтуынша, тариф енгізу туралы шешім Әділет министрлігімен келісілген. Ал тиісті қаулыға «Автомобиль көлігі туралы» Заңға сәйкес қол қойылып, ақпараттық-құқықтық жүйелерде жарияланған.
Тағы бір айта кетерлігі – қала маңындағы елді мекендерге жүретін автобустардағы тариф бағасы да қала ішіндегі бағыттармен теңестірілмек. Атап айтқанда, №118, №145 экспресс-маршруттарының сапары үшін қосымша ақылар жойылады. Жолақыны қолма-қол төлеген жолаушыларға бұрынғыша қағаз билет берілмек. Ал серіктес қалаларға қатынайтын №84, №100, №107, №121, №122, №127, №146, №165 қалааралық маршруттарда тариф өзгермейді.
Әлібек Дюсембековтің айтуынша, сараланған тарифтің енгізілуі автобустар жүктемесі мен жолаушылар ағынын бақылауға және желіге қосымша көліктер шығаруды жоспарлауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға берілетін субсидия мөлшерін дөп басып анықтауға да мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бүгінде қарағандылықтардың басым дені «ONAY!» электронды төлем жүйесін пайдалануды дағдыға айналдырып үлгерген. Ресми статистика бойынша, жолаушылардың 60 пайызы жолақы құнын өтеу үшін карта пайдаланады екен. Күн сайын «ONAY!» арқылы 150 мыңнан астам төлем жасалады. Мамандардың пайымдауынша, сараланған тариф енгізілген соң, бұл көрсеткіш бірнеше есеге дейін өсіп, жолаушылардың 95 пайызы электронды төлем жүйесін пайдаланады.
Осы орайда көптің көкейінде «сараланған тариф енгізіліп, жолақы құны өскеннен қарапайым көпке келер қандай пайда бар?» деген сауалдың туындары анық. Қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының айтуынша, жыл соңына дейін автопарктер 92 жаңа автобус сатып алуы тиіс. Ал келесі жылы тағы 40 автобус жолға шығарылады. Бұл – қоғамдық көліктер мен жолаушы тасымалы саласының сапасын арттыруға оң ықпал етуі тиіс.
Қазіргі таңда қаладағы қоғамдық көліктердің барлығына төлем қабылдайтын валидаторлар орнатылған. Әйтсе де кондукторлар қызметінен ешкім бас тартқан жоқ. Олар бұрынғыша жұмысын жалғастыра бермек. Дей тұрғанмен келешекте Астана және Алматы қалаларындағыдай кондукторларды мүлдем алып тастап, бақылаушылар енгізу жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар жекелеген санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылғанын да атап өткен жөн. Мәселен, оқушылар 40 теңгемен, ал зейнеткерлер 50 теңгемен жүреді. Сондай-ақ әлеуметтік санаттағы азаматтар тегін жүру құқығын арнайы карталарды қолданған кезде ғана пайдалана алады.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ,
«QH»