Ұстаздар ұлықталған күн

Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайының төрінде аймақ ұстаздары ұлықталды. Білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып, шәкірт тәрбиелеу ісінде айрықша көзге түскен азаматтарға «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгілері мен құрмет грамоталары тапсырылды. Ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.

– Өз өмірін мұғалім мамандығына арнаған адамдардың ерекше беделге ие болуы кездейсоқ емес. Өйткені адам өмірде қандай жетістікке жетсе де, оның тұлға ретінде қалыптасуында оның мұғалімдері маңызды рөл атқарады. Жас мұғалімдерге үлгі бола отырып өз кәсібіне деген адалдықтың үлгісі болған, еңбегін жалғастырып келе жатқан біздің білім беру ардагерлеріне – ерекше алғыс. Сіздердің баға жетпес еңбектеріңіз бен таңдаған іске адалдығыңыз үшін рақмет! Мемлекет тарапынан педагогикалық кәсіптің беделін көтеру үшін көп нәрсе жасалуда. Соңғы үш жылда мұғалімдердің жалақысы 75%-ға өсті, мұғалімдердің шамамен 60%-ы санат үшін 50%-ға дейін қосымша ақы алады, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтау сөзінде.

Айта кету керек, бүгінде ауыл мұғалімдері де қолдаудан тыс қалмауда. Бүгінде ауылда 530 жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың сексен бірі жұмысқа биыл ғана тұрыпты. Ұстаздарды баспанамен қамту мәселесі де жоғары деңгейде. Кейінгі екі жылда аймақта 126 жас маман үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ауылға жұмысқа барған жас мамандарға 100 АЕК көлемінде көтерме ақы төленді.

Елімізде білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте білікті мамандарға көтерме ақы төлеу, ұстаздардың білімін шыңдаудан бөлек білім ошақтарын заманауи жабдықтармен қамту мәселесі де басты назарға алынған.

– Бірақ ешбір заманауи компьютерлік сынып, ешбір инновация педагогикалық дарындылықты, шеберлік пен жауаптылықты алмастыра алмайды. Сіздердің, біздің қымбатты ұстаздарымыздың арқасында белсенді, шығармашыл, өршіл балалардың жаңа, тамаша ұрпағы өсіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын тәрбиелеген ұстаздарға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып отыр. Алғашқылардың бірі болып жерлесіміз №1 «Білім-инновация» лицейінің химия пәнінің мұғалімі Абылай Саматов осы үлкен марапатқа ие болды. Сіздер өз мектебіңіздің мақтанышы ғана емес, ұлттық байлығымызсыздар! – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Жеңіс Қасымбек педагогикалық саладағы жетістіктері үшін білім беру қызметкерлеріне «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгілерін табыс етті. Облыс деңгейіндегі бұл марапат бірнеше жыл бұрын мұғалімдер еңбегінің беделін арттыру үшін белгіленген. Төсбелгімен бірге ұстаздарға 1 225 200 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Биыл «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгілеріне бес ұстаз ие болды, олар:

  1. Серікбол Шатинов – Қарағанды машина жасау колледжінің директоры, жалпы пәндер бойынша оқытушы;
  2. Дидар Төрекелдина – Қарағанды қаласының №61 ЖБМ қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі;
  3. Сергей Зубрин – Осакаровка ауданының №9 гимназиясының базасындағы тірек мектебінің информатика пәнінің мұғалімі;
  4. Жанат Базарбаева – Теміртау қаласының қыздар гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі;
  5. Арарат Есмағанбетов – Шахтинск қаласының Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің директоры, математика пәнінің мұғалімі.

Марапатталған ұстаздардың әрқайсысының көп жылдық жұмыс тәжірибесі және өзіндік ерекше еңбегі бар. Олардың әрбіреуі жас ұрпақ тәрбиелеуге жанын салды.

– Мектептен кейін мен университеттің филология факультетінің сырттай бөліміне түстім. Сол жылдары мұғалім тапшылығы болды, мені университетте оқып жатқаным туралы анықтама бойынша жұмысқа алды. Содан бері менің өмірім балалармен тығыз байланысты. Мен мамандығымды сүйемін, онымен өмір сүремін. Осы жылдарда 20-дан астам оқушым жүлделі орындарға ие болып, республикалық түрлі байқауда жеңіске жетті. Мен бүгінгі сыйлықты соларға арнаймын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, өйткені ұстаздың еңбегі оқушылар жетістігімен бағаланады, – дейді марапат иесі Дидар Төрекелдина.

Жиында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне ерекше үлес қосқаны үшін бір топ педагогке облыс әкімінің құрмет грамотасы және білім беру саласының ведомстволық арнайы белгілері табысталды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ