«Күміс жас» көпке пайдалы

Өңірімізде жыл басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Күміс жас» бағдарламасы іске асырылуда. Қаңтар айынан бері жоба аясында 129 адам жұмысқа сәтімен орналасқан. Солардың бірі – тігінші Нина Галаева.

60 жастағы Нина Галаева он жеті жасынан тігінші болып жұмыс істейді. Ол Қарағанды облысының Жұмыспен қамту орталығына жүгінгенге дейін төрт ай бойы жұмыс таба алмай қиналған.

Орталыққа барған оған мамандар «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмыс тауып берген. Нина Галаеваның айтуынша, зейнет жасына жақындаған адамның жұмыс табуы қиындай түседі.

– Негізі, мен өте көп уақыт жұмыс істеген адаммын. Өзім жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ательем де болды. Алайда қазір мата, нысан жалдау, түрлі керек-жарақ пен ұсақ-түйектер – бәрі қымбат. Сол қымбатшылықтың салдарынан кәсібімді жабуға тура келді. Олардың құнын өтеу қиынға соққандықтан, зейнет жасына жеткенде қарапайым қызметкер ретінде тігін цехында жұмысымды жалғастыруды жөн көрдім.

Жұмыс өз бетімше іздегенде табылмады. Осылайша Жұмыспен қамту орталығына барып көмекке жүгіндім. Олар маған жолдама берді, барлығын сатылап түсіндіріп, қол ұшын созды.

«Күміс жас» бағдарламасы туралы естігенде қатты қуандым. Өте керемет жоба. Өзімнің барлық қатарласымды, зейнеттегі және зейнеталды жастағы адамдарды осы жоба арқылы жұмысқа орналасуға, мемлекет ұсынып жатқан қолдауды пайдалануға шақырамын. Жұмыспен қамту орталығына барсаңыздар, барлығын айтып түсіндіреді, – дейді ол.

Жалпы, өнеркәсіп иелеріне де жақсы маман табу қиын көрінеді. Сол себепті Нина Галаеваға жұмыс беруші де Жұмыспен қамту орталығына жүгінген.

– Менің өнеркәсібім «Дедал» деп аталады. 1992 жылы негізі қаланған, яғни құрылғанына отыз жылдан астам уақыт өтті. Негізгі тұтынушымыз – өз өңіріміз, яғни Қарағанды облысының тұрғындары. Алайда Қазақстан нарығына да өнімдерімізді ұсынамыз.

Біз арнайы киімдер тігумен айналысамыз. Пайдаланушылардың қатарында «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Энергоцентр» ЖШС, Қазақстан теміржолы бар.

Жұмыс өте қызу болғандықтан, маман тапшылығы мәселесіне жиі ұшырап тұрамыз. Жылына сексен мыңнан астам өнім тігіп шығарамыз, сондықтан тігіншілерге деген сұранысымыз да жоғары. Жақсы мамандар бізге әрдайым қажет.

«Күміс жас» бағдарламасы арқылы бірнеше маманды жұмысқа қабылдадық. Жоба біз үшін де өте ыңғайлы. Жұмыспен қамту орталығына жүгінеміз, олар кейін біраз уақыттың ішінде мамандарды ұсынады. Солардың бірі – Нина Галаева. Ол кісі бізге үш ай бұрын жұмысқа орналасты. Алғашында тігінші болып қызмет атқарса, қазір бригадир болып міндеті жоғарылады, – дейді ЖШС директоры Равиль Шайпкин.

Аружан АЛПЫСБАЙ