Жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысы талқыланды. Басшылар кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, еңбек нарығында тұрақтылықты сақтау және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу маңызды екенін атап өтті. Аймақтағы жұмыссыздық көрсеткіші әзірше 4,5% деңгейінде сақталып тұр.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова:

– Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін ұлттық жобаның барлық әлеуеті пайдаланылуда. Биыл 31 мыңға жуық адамды қамту жоспарланып отыр. 8 айдың қорытындысы бойынша, 22 мың адам қамтылды, бұл – жоспардың 72%-ын құрайды. Оның ішінде 19 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Өткен жылдан бастап облыста жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүз пайыз жұмысқа орналастырумен оқыту жүргізілуде. Мұндай кәсіптік оқытуға 576 адам жіберілді. Бұл – жоспардың 119%-ы. Оқуды 169 адам аяқтады, оның 64%-ы жұмысқа орналастырылды, – деп бөлісті. – Биыл облыс бойынша 510 грант беру жоспарланған, оның 270-і жастарға, тағы 240-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Әзірге 133 грант берілді.

Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу шеңберінде «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі. Қазіргі уақытта оған 2 044 адам қатысқан, алайда олардың тек 1 246-сы оқуын аяқтағаны жөнінде сертификат алған.

– Жастар практикасына жоспарланған жастар санының 97%-ы, әлеуметтік жұмыс орындарына жоспарланғандардың 103%-ы қамтылды. Қоғамдық жұмыстарға да жоспарланған мөлшерден көп (147%-дан астам) бағытталды. Биылдан бастап жеке секторға қоғамдық жұмысқа орналасуға баса назар аударылуда.

Биыл зейнет жасындағы жұмыссыздар үшін «Күміс жас» жобасын іске асыру басталды. Жыл басынан бері жобаға 129 адам жіберілді. Бұл – жоспардың 31%-ы. Жыл соңына дейін барлық көрсеткішті орындауға дайынбыз, – деді Әсем Жүніспекова.

Аружан АЛПЫСБАЙ