Биыл 4 мың қазақстандық Меккеге қажылыққа барды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан әл-Рабиамен кездесу өткізді.
Тараптар туризм, мәдениет және азаматтық авиация салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Премьер-Министр өткен жылдар ішінде Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасында достық және сындарлы қатынастар орнағанын атап өтті.
«Әлем мұсылмандары қажылық парызын өтеуді асыға күтеді. Биыл біздің 4 мың отандасымыз да осындай мүмкіншілікке ие болды. Бұған Сауд Арабиясы басшылығының назары мен күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне белсенді қатысқаны үшін Корольдік өкілдеріне алғысын білдірді.
«Елдер арасындағы ынтымақтастық кеңейіп, нығая түсетініне сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Тауфик бен Фаузан әл-Рабиа тұрақты әуе рейстерінің ашылуы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосымша серпін беретінін атап өтті.
«Сапар аясында мен қазақстандық әріптестеріммен бірқатар табысты кездесулер өткіздім. Тікелей тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстаннан келетін туристер мен қажылыққа барушылар санының өсуіне ықпал етеді деп үміттенеміз», — деді Тауфик бен Фаузан әл-Рабиа.