Астанада 2023 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық комитетінің 73-ші сессиясы өтеді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен кездесіп, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту мәселелерін және Қазақстанның медицина саласындағы халықаралық бастамаларын талқылады.
Тараптар Үкіметтің (Қазақстан) медициналық қызметтердің сапасын арттыру және қамтуды кеңейту жөніндегі шараларды, коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасын тіркеу және экспорттау, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, олардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуын нығайту, сондай-ақ ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясын 2023 жылы Астанада өткізу мәселелерін талқылады.
Премьер-Министр Қазақстан ДДҰ-ның Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөніндегі жұмысын толық қолдайтынын, сондай-ақ Ұйымның коронавирус пандемиясын тиімді еңсеруге қосқан үлесін бағалайтынын атап өтті.
«Біз ынтымақтастығымызды жалғастыруға және барлық басым бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, алдағы жылдары Үкімет денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен арттыруды, медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде ауылдық жерлерде жаңартуды, бейінді білімді нығайтуды және ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды кеңейтуді жалғастырады.
Өз кезегінде Ханс Клюге ДДҰ Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы, атап айтқанда, халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту және сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі басымдықтарын қолдайтынын атап өтті.
«Біздің ойымызша, денсаулық сақтау және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелерін қаржыландыруды ұлғайту жөніндегі шаралар дұрыс. Бұл — ілгері жасалған үлкен қадам. Аталмыш тәжірибе Қазақстанға осы саланы одан әрі дамыту үшін пайдалы болады деп үміттенеміз», — деді Ханс Клюге.
Анықтама: ДДҰ – қоғамдық денсаулық саласындағы халықаралық жұмысты үйлестіретін БҰҰ жүйесінің мамандандырылған агенттігі. Ұйым жаһандық денсаулық сақтау проблемаларын шешуде, нормалар мен стандарттарды әзірлеуде, елдерді техникалық қолдауды қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарады.