Автобустар жаңарды
Қарағанды облысында мектебі жоқ 121 шалғай елді мекеннен 1 200-ден астам оқушы басқа мектепке тасымалданып оқиды. Бұл жұмыстар толық ұйымдастырылғанымен, білім ордасы автобустарының ескіруі мен талапқа сай келмеуі өзекті проблемаға айналған болатын.
Осы олқылықты жою мақсатында өңірдің Білім басқармасы биыл Саран қаласынан шығатын 27 жаңа автобус сатып алмақ. Олардың алғашқы легі шалғай елді мекендерге арнайы табысталды. Жаңа автобустар барлық заманауи талаптарға сай, қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, есіктер ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және жылдамдығы км/сағатына 60-тан аспайтын тежегішпен жабдықталған. Облыстық білім басқармасының балансындағы 70 автобустың көбінің тозығы жеткен, енді олар лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында кезең-кезеңмен жаңартылмақ.
– Жаңа мектеп автобустарының кілті Абай (Қарабас ауылындағы №15 жалпы орта мектебі – 93 оқушы, Топар орта мектебі – 26 оқушы), Бұқар жырау (Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі – 30 оқушы, Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектебі – 49 оқушы) және Қарқаралы (№6 жалпы орта мектебі – 31 оқушы) аудандарының мектеп директорларына табысталады, – деді Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
Расул МҰХАММЕД,
«QH»