Сарбаздар салтанаты

Бұрнағы күні Достық үйінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланының ақпараттық-насихаттық тобы қала тұрғындарына «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» атты концерттік бағдарламасын тарту етті. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қолдау білдіру және жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған.

– Республикалық турымыз арқылы Қазақстан халқының бір ту астына жиналуына үндеу білдіріп, Президентіміздің игі бастамаларына қолдау танытамыз. Осындай жауапты сәтте бірлігімізді көрсету, тұтастығымызды сақтау азаматтық міндет деп ойлаймын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы берекемізді арттыруымыз керек. Кешегі өткен дін басшыларының съезінде де парасатты тұлғалар «жетістіктің бастауы бірлікте» екенін айтып өтті. Патриоттық шаралар арқылы жастарды зиянды әрекеттерден алшақтатып, оларға Отан қорғаудың қасиетті парыз екенін ұғындырғымыз келеді, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, полковник Қайрат Үмбетов.

Концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Алғашқысы қаладағы әскери қызметшілерге арналған-ды. Ал екінші бөлімді ардагерлер, қала тұрғындары, студент жастар мен полиция қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері тамашалады.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Алмапыс Асылбектің жетекшілігімен өткен концертте әскери-патриоттық және ұрпақтар сабақтастығы рухына толы майдан әндері шырқалды. Жиырма жылға жуық тарихы бар өнер ұжымы көпшілік қауымға заманауи эстрадалық және әлем халықтарының әндерін орындаса, хореографиялық топ «Жеңіс», «Домбыра аңызы», «Ұландар» биін ұсынды.

– Концерт өте жоғары деңгейде өтті және көңілден шықты. Рухты әндер шырқалып, әскери оркестр өнері тамашаланды. Сарбаздардың сымдай тартылған билерінің өзі еріксіз таңдай қақтырып, ерекше әсер сыйлайды ғой. Барлығына ризамын. Ақпараттық-насихат тобының жұмысына сәттілік тілеймін, – дейді Әлібек есімді қала тұрғыны.

Айта кету керек, дәл осындай концерттік бағдарлама Теміртау қаласында да көрсетілді. Осыдан соң ақпараттық-насихат тобының мүшелері Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласына аттанды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»