Қайрат КЕМАЛОВ театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Кемалов Кайрат Кемалұлы 1957 жылы туған. Білімі жоғары, 1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «Драма театр актері» мамандығы бойынша бітірді. Кемалов Кайрат 40 жылдан астам театрда қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде 100-ге жуық рөл сомдады.
Қ.Кемаловтың актерлік қасиеті – өте зор дауысты және батыр тұлғалы, сахна көркі. Әрбір жұмысқа ұқыптылықпен, тиянақтылықпен кіріседі, көп ізденеді, облыстық іс-шараларға белсене атсалысады. Театр ұжымында беделі жоғары.
Сыншылар тарапынан Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері» – Ақан рөлі, С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» – Еркебұлан рөлі, У.Шекспирдің «Отелло» – Отелло рөлі, Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» – Бәйдібек би рөлі, М.Әуезовтің «Абай» – Абай рөлі, «Айман-Шолпан» – Арыстан рөлі, М.Ахундовтың «Мусье Жордан, ғалым-ботаник және әйгілі сиқыршы Масталишах дәруіші» – Масталишах дәруіш рөлі, Ж.Әлмашұлының «Сәкеннің соңғы сапары» – Сәкен бейнелері өте жоғары баға алған. Қ.Кемалов 1995 жылы IV Республикалық театр фестивалінде және 1996 жылы Жезқазған қаласында өткен Ж.Жабаевтың 150 жылдығында арналған ІІІ Республикалық фестивальда Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» қойылымындағы Зарқымбек рөлі үшін лауреат атанды.
1998 жылы Қарағанды қаласында өткен VII Республикалық фестивальда театр Қ.Кемалов сомдаған Клеон рөлін сәтті шығарған Г.Гориннің «Атың шықпаса» қойылымымен, 2009 жылы ХVII Республикалық фестивальда Абай рөлін сәтті шығарған М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен Гран-Приді жеңіп алды. У.Шекспирдің «Отелло» спектаклінде Отелло рөлі – актер шығармашылығындағы биік белес. 2013 жылдың 05, 06 мамырында премьерасы өткен сахналық фантазия «Қыз Жібек» лиро-эпосында – Жыршы, 23-24 қарашада премьерасы өткен М.Байджиевтің «Ғашықтың тілі…» комедиясында – Мұқамбет Шиқымбаев, 2014 жылдың 05, 06 ақпанында премьерасы өткен «Келеміз. Кетеміз. Өлеміз. Өтеміз», Ж.Әлмәшұлының «Ғұлама ғұмыр» қойылымында – Сайд Хамдани, Л.Дюрконың «Электра» қойылымында – Эгист, М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Жабай т.б. батырлық дастанында Қазан бек рөлдерін сомдап, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесімен қатар сыртқы бейнесін де ашып көрсетті. Актердің шеберлігі сахнада серіктестерімен қарым-қатынасында байқалады.