Ұлт ұстазының ұлы тойы
Биыл Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы тек қазақ жерінде ғана емес, жалпы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Ұлт ұстазының туған күні қарсаңында Қарағанды қаласында да бірқатар айтулы шаралар өтіп, қайраткер рухына құрмет көрсетілді. Толығырақ тарқатсақ.
«Достық» үйіндегі салтанат
Ұстаздың туған күні қарсаңында қаламыздағы «Достық» үйінде үлкен мерекелік жиын өтті. Бір айта кетерлігі – биыл тіл мерекесін тойлау жылдағы қалыптасқан дәстүрден өзгеше, жаңа бағытта өрбіді. Яғни үйреншікті жиын, байқау, сағаттап оқылар баяндамалар бұл жолы болмады. Есесіне Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасы, елге деген ерен еңбегі, қазақ зиялыларының халыққа деген қалтқысыз қызметі қаз-қалпында көрсетілді. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына тынғылықты жауапкершілікпен дайындалған Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ауыз толтырып айтарлық іс қылды. Ұлт ұстазының ұлты үшін қылған еңбегін елге көрсету үшін тіпті Қарқаралы ауданының Ақтерек ауылындағы мектепте арнайы деректі фильм түсіріпті. Онда педагог, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзуші Ахметтің қазақ балаларын білім нәрімен сусындатқан сәті көрсетіледі. Одан бөлек «Бостандықты сақтап қалар жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп ұлт үшін күресіп өткен қазақ зиялыларының ортақ мүддесі, ел ертеңіне алаң болған көңілін көрсеткен сахналық қойылым тамашаланды.
Онда Алаш қайраткерлерінің саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат – ұлтты ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау, қоғамдық һәм рухани үлкен күш қалыптастыру екені көрсетілді. Сондай-ақ мемлекеттік тіл саясатын насихаттау жолында жасалып жатқан жұмыстар нәтижесі ретінде өзге ұлт өкілдері қатысқан тіл үйрету сабағынан үзінді берілді.
Салтанатты шараны қала тұрғындары, облыстық әкімдік қызметкерлері, ардагерлер, тіл жанашырлары мен түрлі сала өкілдері тамашалады. Мерейтойлық кеш рухани-мәдени бағытта өрбіген.
Мерейтойлық шарадан тілдерді оқыту орталықтары мен кітапханалар да шет қалмай, көрме ұйымдастырды. Көрмеде оқыту орталықтары кәсіби салаларға бағытталған оқулықтардың артықшылығын насихаттады. Ондағы оқу құралдары аудиодискімен және QR-код қосымшасымен ұсынылған.
Тіл жанашырларына құрмет
Ұлт ұстазының туған күні мен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қатар тойланады. Бұл үрдіс 2021 жылдың 9 қарашасында Үкіметтің арнайы қаулысымен белгіленген-ді. Осыған орай Жаңа Майқұдық мәдениет сарайында мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда қаламыздың өнерпаздары жалпақ жұртқа әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен тамсандырды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуға үлес қосып жүрген азаматтарға қала әкімдігі тарапынан құрмет көрсетіліп, марапат ұсынылды. Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де алғыстан құралақан қалмағанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ дәл осы күні М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасында филолог, тарихшы Мұқан Тұңғышбай Өміртайұлы және Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Л.Т.Акильжанова мен Ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.А.Ілияшпен кездесу өтті.
Кездесуде тарихшы Тұңғышбай Өміртайұлы Алашорда үкіметінің мүшелері А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков және Алашорда туралы құнды тарихи ақпараттармен бөлісті.
Ұстаз ескерткіші ашылды
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлы ұстаздың есімімен аталған Қарағанды гимназиясы аумағында ескерткіш орнатылды.
Жұмыс авторы – Қарқаралы ауданының мемлекеттік мұрағатының басшысы Манарбек Кәрім. Автордың айтуынша, ескерткішті дайындауға ол бір аптаға жуық уақыт жұмсаған. Алайда қолайлы материал іздеуге біраз уақыт кеткенін айтады.
– Ескерткіш үшін тасты біз Қарқаралы ауданындағы Қорғантас тауынан қолдандық. Монументтің ені 1,2 метр, биіктігі 2,7 метр. Оның салмағы шамамен 2 тонна. Тұтас тастан қаланған ескерткіш Қарқаралыда жасалып, кейін Қарағандыға көшірілді. Әдетте мен кішігірім тапсырыстармен айналысатынмын, петроглифтер салдым. Маған ұлым көмектесетін, қазір ол әскерде. Ол суреттерді салатын, мен тасқа қашаумен айналыстым. Бұл жолы бәрін жалғыз өзім жасау оңайға соққан жоқ, – дейді Манарбек Кәрім.
Мектеп-гимназия аумағында ескерткіш орнатуға белгілі ақын және айтыскер Айтбай Жұмағұл бастамашы болды.
– Ахмет Байтұрсынұлына қарап балалар ұлы ғалым мен педагогке теңесетін болады. Дәл осы мақсатта біз гимназия ауласына ескерткіш орнатуды қолға алдық, – деді Айтбай Жұмағұл.
– Мектеп оқушылары болған кезімізде біздің оқу орнымыз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталады деп ойлай алмадық, аумақта оның бейнесі мәңгі сақталады және мұнда қазақ тілінде сабақ беретін болатынын білмедік. Мұның бәрі еліміздің тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болды. Ахмет Байтұрсынұлы бүкіл өмірін біз еркін және білімді болуға арнады, – деді ескерткіш ашылған кезде Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.
Ескерткіштің ашылу құрметіне гимназияның 4-сынып оқушысы Ахмет Қайыртаев ие болды. Ол лингвист-ғалымның бір шығармасын жатқа оқып жиналғандарды қуантты.
Мектеп-гимназия 1964 жылы салынған. Ахмет Байтұрсынұлының есімі оған 2018 жылы берілді, бүгінгі күні гимназияда 500-ден астам бала оқиды.
Төрт мың адам диктант жазды
Қос мерекені атап өту барысында мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Аймағымыздағы мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» тақырыбында диктант жазды. Оған бір уақытта төрт мың азамат қатысқан.
– Диктанттың талабы бойынша әр мекеменің жауапты мамандары анықталып, WhatsAрр желісіндегі топқа біріктірілді. Диктант мәтіні бір уақытта топқа жіберілді. Диктант процесі суретке және бейнеге түсірілді. Өзін-өзі тексеру жұмыстары жүргізілді. Әр мекеме диктант туралы ақпаратты өзінің әлеуметтік парақшаларында жариялады. Барлық қатысушы 145 сөзден тұратын мәтінді еш қиындықсыз жазды және өздерінің сауаттылығын 95%-ға дәлелдеді, – деп хабарлады Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ