Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен отбасылардың мектеп оқушылары «Балдәурен» лагеріне келе бастады
Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру лагеріне келе бастады. Қазірдің өзінде 11 оқушы лагерьге орналасты, олар онда оқып, емделеді.
«Балдәуренге» Қостанай облысының тұрғын үйлері өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары аттанды. Лагерьге ата-аналарының келісімімен баспанасы бүлінбеген, бірақ қауіпсіздік мақсатында өрт қауіпті аймақтардан көшірілген отбасылардың балалары да келе алады.
«Сондай-ақ Алматыдағы бастауыш сынып оқушыларына бағытталған «Бөбек» оқу-сауықтыру орталығы да бастауыш сынып оқушыларын қабылдауға дайын. Балаларға күнделікті мәселелерді шешкенге дейін осында сауықтырудан өтуге және лагерьдегі мектепке баруға ыңғайлы болады. Оларға қолайлы жағдай жасалған», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Қостанай облысындағы зардап шеккен балаларға көмек көрсету және оңалту мақсатында «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына жолдамалар ұйымдастырған болатын.