ТӘУЕЛСІЗ ОЙ
Тәуелсіздікпен қатар дүниеге ақындар келді. Еркін ойлы. Міне, 30 жылда өз жемісін берді. Сол Тәуелсіздікпен құрдас шайырлардың бірнешеуінің шығармашылығы жайлы ой өрбітпекпіз. Назарларыңызға Нұржан Қадырәлі, Наурызбай Сарша және Жанғазы Ахметовтың азат өлеңдерін ұсынамыз.
«Бір өлең – бір әлем» дегеннің өзі күмәнді. Бір өлең бір әлем бола ала ма? Кемшін тұсы бір өлеңді бір әлемге айналдыра алмауымызда ма? Әлемге емес, тақырыпқа негізделетін секілді қазіргі өлеңдер. Абайға арналған өлең Абаймен шектелген сынды. Ал Абайдың ар жағында жатқан әлем ше? Ол қайда қалды? Бір кемшілік осында. Өлеңнің тақырыбы болмайды. Тек есімі яки аты болады. Және атау емес. Әңгімемізге арқау болып отырған үш өлеңде де осы кемшілік бар. «Жақша», «Абсурд», «Сары гүл» өлеңдері.
«Жақша» – шеңбер. Шеңберден шығып кеткен ақынның базынасы.
«Жанымның жақшасы – тәнім,
Тәнімнің жақшасы – табыт», – деп басталатын өлеңнің басты идеясы осы екі-ақ жолда жатыр. Қалған жолдар – тірегі. «Жан – тәннің тұтқыны» дейді. Бар ғұмыры сол түрмеден шығумен өтпек. Келесі екі жол – белгісіздік.
«МЕН қиып кетер ем бәрін,
Мені ОЛАР қимайды, анық».
ОЛАРЫ кім? Бұл жерде Блоктың әсері бар. Сол Блоктың «Стихи о Прекрасной даме» атты өлеңі – белгісіздіктің бір нышаны. Жалпы, оның алғашқы өлеңдерін оқысаңыз, жұмбақтың самалы есіп тұратынын байқайсыз. Және кейіпкер мүлде жоқ. Автордың ОЛАРЫ – жұмбақ жан. Тағы бір айта кететін жайт – автордың өлеңдерінде ҚАСИЕТ пен ҚАСІРЕТ бар. Яғни ЖАН, ТӘН, БАҚ, КЕҢДІК, КЕМДІК, КҮЛКІ, ТАҒДЫР, ТАЛҒАМ, ЖҮРЕК, АҚЫЛ, САТҚЫНДЫҚ, КҮНӘ МЕН КІНӘ, ПӘКТІК, СЕЗІМ, СОР, ҮМІТ, САНА, МҰҢ.
Ұмытып барады екенмін, сын садағына ілініп отырған «Жақша» өлеңінің авторы – Жанғазы Ахметов. Бұл өлең сыр емес. Мұңнан да алшақ. Сезім де жоқ. Элегия деуге де келмейді. Өлеңнің жұмбағы шешілмесін дейік.
«Біресе қан жылап ішім,
Біресе келеді күлгім.
Жаратқан, жалынам, түсін,
Жақшаның сыртында жүрмін…» – деп аяқтайды ақын.
Осындағы «Жаратқанның» орнын «жарығым» немесе басқа сөзге ауысты ру керек еді. Өйткені Адам – Алланың туындысы. Ал шебердің өзі жасаған туындысын түсінбеуі мүмкін емес. Жоғарыда аталған кемшілік Жанғазыға да қатысты. «Жақшаның сыртында жүргенімен», жақшадан шыға алмай қалған. Яғни өлеңнің атынан. Жан мен тәннің айқасы ғана бар. Өкінішке орай, бір өлең бір әлемге айналмады. Бірақ өлеңнің аты кез келген оқырманды елең еткізері хақ.
Аты елең еткізер тағы бір өлең – «Абсурд». Авторы – Нұржан Қадырәлі. «Көкірегінде көзі бар жандарға бұл әлем өзгеден өзгеше көрінеді» деп тұр ақын. Абсурд, яғни қисынсыз, жөнжосықсыз деген мағынаны білдірсе керек. «Сұм өмір абақты ғой саналыға», – деп кеткен Мағжан. «Абсурд» – соның трансформаланған түрі. Жалпы, қазіргі өлеңдердің барлығы дерлік – бағзыда айтылып кеткен ойдың «өзінше» жазылуы. Қош. Өлеңге көшсек.
«Өлім шығар жыр ғып жазған өмірді,
Сезгің келсе, өз күлкіңе құлақ түр.
Бір қарасаң, жұрттың бәрі көңілді,
Көзіңді ашсаң, бәрі саған жылап тұр…».
Шынымен, абсурд. «Бір қарасаң» дейді. Қарағаннан кейін көзі ашық тұр ғой. Енді келесі жолда «Көзіңді ашсаң» дейтіні несі? Абсурд. Өлеңнің аты «Абсурд» екен деп, логикаға сыймайтын дүниелерді жаза беруге бола ма? Жоқ, бұл – әдебиетте бар жанр. Кезінде бұл жанрды «Алиса в стране чудестің» авторы Льюис Кэррол, Франц Кафка, Антон Чехов, Альбер Камьюлер қолданған. Нұржан Қадырәлі де бұл жанрға қалам сілтемек болған екен. Талаптанған.
«Қарақшыны тонап кеткен тағдырға,
Қайыршылар садақасын тастап жүр». Қарама-қайшы ма? Қарамақайшы. Яғни қарама-қайшылық арқылы автор қоғамды келеке қылып отыр. Дәл осы жолда сарказм бар. Қарақшының тоналып, қайыршының да садақа беретін кезі болады екен-ау деп күлесің һәм жылайсың.
«Қаншама рет қиып кетті қимасың,
Кешіре сал, кешірді ғой сезімді, ой.
Бір қарасам, сен бәріне ризасың,
Көзіңді ашшы, жылап тұрған өзің ғой», – деп аяқтапты автор.
Бәрі тамаша секілді. Арагідік сезімнің қылын шертіп те қояды. Бірақ жанрдың ережесінен шықпай қалған. Әрбір жолын қарама-қайшылыққа негіздеп тастаған. «Бір өлең – бір әлем» дейсіз бе? Тырысқан… Жапондарда «Күн біреуді жылытайын деген мақсатпен шуақ шашпайды» дейтін тәмсіл бар. Поэзия да Күн секілді. Біреу мені оқысын немесе біреуге айтқаным үлгі болсын деп жазылмайды. Шуағын шашуы керек. Болды. Бастысы, тірі болуы қажет.
«Сары гүл» – енді таза лирика. Ақыны да сары. Наурызбек Саршаев. Неге қызыл емес? Немесе ақ гүл болуы керек еді ғой. Болмаса жай ғана гүл. Жоқ, сары – сағыныштың белгісі. Ақынның ғашығына жазған сағынышнамасы екенін атымен-ақ әйгілеп тұр.
«Аласармайтын арманы,
Сағыну – жалған заңы бұл.
Үйіңде сенің бар ма әлі,
Мен теріп берген сары гүл?» – деп бастайды ақын.
Өткенді еске алу біраз нәрсенің басын ашып береді. Бірақ өлеңді әрі қарай оқуға ынтықтырады. Нүктесін қойғанымен, нүкте алдындағы үтірде не деді екен деген ынтызарлық пайда болады.
«Шалынар көзге шалғайдан,
Нәзік ең, нәркес гүлге тең,
Сағынышымдай сарғайған,
Сары гүл солмай тұр ма екен?» – деп жалғайды.
«Сағына-сағына солмағанда қайтпек?» дейсің ғой. Әрі қарай ақын былай деп жалғастырады:
«Өзіңе деген антым бұл,
Айналып кеткен түп гүлге.
Сезімі деп сары ақынның,
Су құйып баптап күттің бе?»
. Жігіттің анты гүлге айналыпты. Сол гүлдің солу-солмауы қызға байланысты екен. Енді мынаған қараңыз:
«Болайын сенің кең далаң,
Кеудеме өссең гүл құсап.
Гүл сыйлап едім,
Сен маған Мұң сыйладың-ау бір құшақ!
Соры ма бастың, бағы ма,
Үлгердім саған гүл беріп.
Айта алмай қалдым тағы да,
Тілінгір тілім күрмеліп», – деп жырлайды.
Төртінші шумақта гүл сыйлап, бесінші шумағында гүл беріп үлгергені қызық болды. Үлгеріп, үлгермей жүрген қандай жігіт бұл? «Соры ма бастың, бағы ма, үлгердім саған гүл беріп» деген жолдар бір-бірімен байланыспайды және артық. Сонымен қатар бұл Нұржан Қадырәлінің «Абсурды» емес қой. Бір өлең бір әлем бе? Қызды егер әлемге теңесе, солай болуы мүмкін…
P.S. Үш өлең жайлы ойымыз – осы. Айтарымыз – бар болғаны «Көшеді өлең немесе өшеді өлең» (Мұқағали). Ал үшінші нұсқасы жоқ.
Ерболат ҚУАТБЕК.