Тіл мәселесі агрессиямен шешілмейді

Қазақстанда ең жиі көтерілетін мәселе – тіл саясаты. Иә, әуелі Ресей империясының, кейін Кеңес Одағының боданында болған ел үшін бұл заңды құбылыс. ХХ ғасырда қазақ жері ұлттардың ұлы зертханасына айналып, жергілікті халық азшылыққа айналды. Сәйкесінше, қазақ тілі өз жерінде өгейдің күйін кешіп, тұрмыстық деңгейде ғана қалып қойған-ды. Алайда тәуелсіздікпен бірге қазақ тілінің жаңа тынысы ашылды, мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ендігі жұмыс оны күнделікті қарым-қатынас тіліне айналдыру. Рас, көпшілік айқын нәтиже, нақты жұмыстарды көргісі келеді. Ал, ол Қазақстан жағдайында мүмкін бе? Толығырақ толғасақ…

Экономика һәм саясат

Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес саясат. Иә, тіл мәселесін көтергенде елдің ішкі және сыртқы ахуалы басты назарға алынуы тиіс. Әсіресе, Қазақстан мысалында мұның өзектілігі жоғары. Бірінші мәселе, елдің географиялық орналасуы. Солтүстік шекарамызды тұтасымен Ресей Федерациясы алып жатыр. Екі елді экономикалық, саяси және тарихи оқиғалар байланыстырады. Тіл саясатында агрессиялық әрекетке бару екі елдің арасына сына қағып салқындық түсіретіні анық. Ал, оның салдары ауыр. Басқаны айтпаған күннің өзінде экономикалық тұрғыда көптеген қиындықтарға душар етеді. Көршімен ат құйрығын шорт кесуге дәл қазір Қазақстан экономикасы дайын емес.

Екінші мәселе, елдің этникалық құрамы. Тәуелсіздік алған тұста мемлекет құраушы ұлт пен өзге ұлт өкілдерінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ еді. Қазақ халқының үлесі соңғы жылдары ғана басымдыққа ие болып келе жатыр. Ал, кеңестік дәуірде ұлтаралық қарым-қатынас тілі орыс тілі болғанын ескерсек елдегі халықтың басым дені қазақ тілін білуді қажетсінбеді. Ал, оларға келіп «қайтсең қазақша сөйле» деп талап қою демократиялық құндылықтарға томпақ келеді. Өйтсек, бізден Ресей ғана емес әлемдік қауымдастық та теріс айналары хақ. Бұл да елдің экономикалық тұрғыда өрістеуін тежейді. Өйткені, ел халқының құқы өрескел бұзылған елге инвестор тарту, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық байланыс орнату мүмкін емес.

Тіл үйретуде олқылық бар

Иә, тәуелсіз ел атанып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілгені 30 жылдан асып кетті. Көпшіліктің айтатыны осы уақыт аралығында тіл үйренгендер санының аздығы. Бұған не себеп? Бәлкім, тіл үйретуде олқылық бар шығар? Әлде, өзге ұлт өкілдері келешегін Қазақстанмен байланыстырмай ма? Дәл осы сауалды тіл үйрету ісінің білгірі Ерлан Рахимовқа қойған едік. Өзі ашқан орталықтарда ағылшын, түрік, испан тәрізді бірнеше тілдерді үйретуді қолға алған азамат қазақ тілін оқытуға да көңіл бөліп жүр. Айтарлықтай оң нәтиже көрсетіп, көптің ыстық ықыласына да бөленіп үлгерген.

– Менің тіл үйрету курстарында дәріс оқып жүргеніме жеті жылдан асты. Әлеуметтік желідегі жеке парақшама шығып, қазақ тілін үйрету курсын ашуды сұрайтын азаматтар көп. Сондықтан ниет білдірушілердің басын қосып, сабағымызды бастадық. Байқасам, бұған дейін қазақ тілін үйрету курстары қазақша әдістеме бойынша жүргізілген екен. Мен өз дәрістерімде қатысушыларға қазақшаны шет тілі ретінде үйретемін. Ең басты назар олардың ауызекі тілде сөйлеу машығын қалыптастыруға бағытталады. Тек содан кейін барып грамматикаға көшеміз, – дейді Ерлан Рахимов.

Маманның сөзін оның курсына қатысып, аз уақыттың ішінде қазақша тіл сындырып үлгерген әріптесіміз Наталия Уголкова да қолап отыр. Аймақтық «Еkaraganda.kz» порталының тілшісі бұған дейін де қазақша үйренуге бірнеше мәрте талпыныс жасаған. Бірақ, оң нәтиже шықпаған соң, қолын бір сілтеген екен. Бұл жолы ойлаған мақсатына жетіп, мемлекеттік тілді әжептәуір меңгеріп қалыпты.

– Қазақша айтылған сөздерді, ойларды түсінемін, бірақ өзім сөйлей алмаймын. Сондықтан осы курсқа жазылдым. Өйткені Қазақстан азаматы болғандықтан, мемлекеттік тілді білу – парыз. Оның үстіне, шетелдерге шыққанда, ол жақтағы азаматтар Қазақстанға қызығып, қазақша сөйлеуімді сұрайды. Ал мен бар өмірім осы елде өтсе де, бір ауыз қазақша білмеймін. Бұл – ұят жағдай ғой. Сол үшін де мемлекеттік тілді үйренгім келеді, – дейді Наталия Уголкова.

Жылы-жылы сөйлесең…

Әлеуметтік желіде қазақ тілінің жоғын-жоқтап, базардағы немесе дүкендегі өзге ұлт өкілдерінен қазақша сөйлеуді талап етіп, шу шығаратын блогерлер шыға бастады. Сырт көзге олардың ісі дұрыс, нағыз ұлтжанды азаматтың әрекеті болып көрінуі мүмкін. Алайда, тілді насихаттаудың мұндай жолы – кері әсер береді. Бұл туралы халықаралық «Қазақ тілі» қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков: «Әлеуметтік желіде түрлі белсендінің қазақ тілін орынды-орынсыз талап ету оқиғалары жиілеп кетті. Иә, олар мұндай әрекетке мемлекеттік тілді дамытайық, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтейік деген ниетпен баратын шығар. Әйтсе де мұндай дөрекі қарым-қатынас тіл мәселесін шешпейді, қайта ушықтыра түседі. Бәлкім, қазақша білмейтін адам іштей оны меңгеруге талпынып, жүрегімен жақсы көріп жүрген шығар. Ал одан бірден қатаң негізде талап ету қайта жеккөрушілік сезімдерін арттыруы мүмкін. Сондықтан бұл нәрсеге байыппен қарау керек. Жылы сөйлеп, тілдің артықшылығын көрсету арқылы бетін бұрып, насихаттау арқылы ғана түйінді тарқатамыз» , – дейді.

Естеріңізде болса, бұған дейін қазақ тілін желеу етіп шу көтеріп жүрген азаматтардың әрекетін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сынға алған болатын. Өйткені, мұндай әрекеттер ұлтаралық алауыздықты қоздырып, елдің ішкі тыныштығын бұзуға да алып келуі мүмкін. Рас, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейгені керек-ақ. Бірақ, ол агрессиямен емес жұмсақ күштің есебінен жүзеге асуы керек. Мәселен, қарағандылық белсенді Эльмира Сайлауқызының жұмысы үлгі етуге тұрарлық. Оның жұмысы да «Тіл сақшыларының» ісіне ұқсайды. Бірақ, олар тәрізді видео түсіріп, тіл білмейтіндердің ашуын туғызып жүрген жоқ. Қайта қазақ тілінде ақпарат ұсынбайтын немесе сауатсыз жарнама ілген нысандарды анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қажет болған жағдайда, оларға ақпаратты қазақ тіліне аударуға тегін көмек көрсетеді. Жылы сөйлеп, адами тілмен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көмек қолын созған жанға кәсіпкерлер де дән риза, қазақ тілді көрнекті ақпараттар да көп.

Артық қыламын деп…

Тілжанашырымыз деп жүрген кей азаматтардың әрекеті қазақ тіліне қастық қылып жүргендей әсер беретіні бар. Мәселен, әлеуметтік желіде немесе мерзімді басылым беттерінде «Қазақ тілі құрып бара жатыр» деп байбалам салып, аттандап жүретін жандар бар. Енді ойлап қараңызшы, тіл үйренуге ниет білдірген адам әлгі жазбаны оқыған соң қандай ойда болады? Құрып бара жатқан тілді үйренуге құлшына ма, әлде қажетсіз санап, уақытын басқа жаққа бұра ма? Көпшілік екінші жолды таңдары анық. Бәлкім, қазақ тілінің көркемдігін, кереметін орыс, ағылшын тілдерінде сол аудиторияға насихаттасақ оң нәтижеге қолжеткізерміз? Бір ғана Димаш Құдайбергеннің өнерінің өзі әлем халықтарының арасындағы қазақ тіліне деген қызығушылықты оятқаны осыған дәлел болады ғой.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»