Ардагерлер – асыл өнер құшағында

Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесі   бар саналы ғұмырын еселі еңбекке арнап, бүгінде  құрметті демалыста жүрген  зейнеткерлер арасында белсенді ұзақ өмір сүру қағидаларын кеңінен таратып келеді. Бірде  шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан жарыстар ұйымдастырса, енді бірде белсенді өмір сүру орталығы  мамандарымен бірге оларды түрлі үйірмелерге шақырып,  уақыттарын мәнді де мазмұнды өткізуге үндейді.

Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған тағы бір  игілікті шара М.Әуезов атындағы қалалық  орталық кітапханада өтті. Бұл жолы асыл өнер – поэзия сүйер ардагерлер қауымы жиналып, өнер сайысына қатысты. «Мен саған іңкәрмін, жарық дүние!» атты бұл кеш  негізгі екі бөлімнен тұрды. Оның алғашқысында   өлеңді өміріне серік еткен ардагер азаматтар өз өлеңдерін оқуға тиіс болатын.

Бұқар жырау ауданы Ақтөбе ауылының тумасы Қабиден Байбосын  өзін ақынмын деп санамаса да  талай жыр шумақтарымен жерлестері арасында  шығармашылық өнердің өкілі ретінде танымал болып қалған. Оның  осыдан екі жыл бұрын  жарық  көрген «Арайлы ауылым, Ақтөбе» атты жинағы туған ауылының азаматары мен сыныптас достарына арналған.  Сондай-ақ Балқантау өңірінің тумасы  Әли Тілеміс те  шығармашылық шабыты бар ардагердің бірі.

Ал ауыл шаруашылығы саласында инженерлік және басшы қызметтерде істеп жүрсе де «Дүлей мен үрей» (өлеңдер мен поэма), «Асыл жар (өлеңдер мен поэма), «Дүние … әсем-ай ғайып» (өлеңдер мен ой-толғамдар) және «Шоқ жұлдыздар» атты өлеңдер мен естеліктер  жинағын шығарып үлгерген Ерғазы Жазықбаев  ақсақалдың шығармашылық еңбегінің шоқтығы биік. Ақын тіпті облыс әкімінің журналистер арасындағы «Алтын сұңқар» сыйлығына да ие болған. Өкінішке орай, соңғы екеуі түрлі себептермен сайысқа қатыса алмады да  үш үздіктің ішінен алуан тақырыпқа өлең арнаған Қабиденнің  өнерін  қазылар алқасы таңдаулы деп таныды.

Мұнан кейін танымал ақындардың шығармаларын жатқа оқу бойынша сайыс болып,  бірінен соң бірі еңбек ардагерлері Валентина  Кочетова, Раушан Қиманова, Венера Кан, Қарлығаш Тікенова шығып, өздерінің поэзия әлемінен қара жаяу еместіктерін көрсетті. Әсем поэзия кеші Тәттімбет атандағы өнер колледжінің оқушысы, жас өнерпаз Аңсаған Сансызбаевтың домбырамен сүйемелдеген қоңыр сазының қанатында қалықтап тұрды.

Шараға қатысушыларға қалалық кеңестің ақшалай сыйлықтары мен  дипломдары табысталды.

 Аман ЖАНҒОЖИН,

 қазылар алқасының мүшесі, ардагер журналист.