Шекер құнын қалай реттелмек?

Қарағандыда елімізде алғаш болып бағаны бақылау және әлеуметтік маңыздылықтағы азық түлікпен қамтамасыз етуді қадағалайтын жұмыс тобы құрылады. Бұл топ алдымен жаз бойы бағасы шарықтаған шекер құнын назарға алмақ. Біздегі бұл қарқынды жұмыстың басталуы да тегін емес. Себебі, тәтті өнімнен тапшылықты болдырмау мәселесі Үкімет отырысында да талқыланды.

Сауда орындары ақпарынша биылғы жазда қантқа деген сұраныс жылдағы осы мерзіммен салыстырғанда үш есеге артқан. Тәтті өнімнің тапшы болғаны соншалық, тұтынушы мың теңгеге жеткен бағаға да бас иді. Бұрынғыдай сауда сөрелерінде самсап тұрар қант болмады. Қант құнын құлдыратуда билік өзінің қауқарсыздығын түсінді. Сауда желілерінің қантты зауыттан тікелей сатып алмайтыны да құнды құбылтатыны белгілі болды. Қарағанды облысында бес ірі қант жеткізу нысаны  бар. Яғни зауыттан сауда желісіне дейінгі қант бағасына да әсер ететіндер солар.

Облыстық экономикалық тергеу департаменті бұл тасымалдау тәсілі алдымен тұтынушы қалтасына салмақ саларын сезінді. Ол үшін кәсіпкерлер тәтті өнімді өндірушіден  тікелей алуы  керек екені түсінікті жайт. Осы мақсатта әкімдік әрекет етуге бекінді. Қоғамның белсенді өкілдері, бизнесмендер, әкімдік болып бағаны қадағалушы жұмыс тобын құруды ойластырды.

Әкімдікте өткен талқылау барысында зауыттардың қантты неліктен ірі делдалдарға ғана босататыны да айтылды. Анықталғандай зауыттар тауарды ірі партиялармен сатады. Ал сауда желілерінде вагон-вагон  ақ өнімді қояр ірі қоймалар жоқ. Ал вагондағы қант шашамен 65 мың тоннаны құрайды. Ондай сақтау орындарының шағын дүкендерде болмайтыны анық. Осыдан келіп шекер құны тұтынушыға жеткенше талай түрленеді.

«Көп жағдайда бағаның бағынбай кетуіне жұрт ішінде жедел тарар қауесетте ықпалын тигізеді» деген Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары  Халел  Әкімжанов «Қазір күнделікті маниторинг жүргізіледі, бүгінде  жағдай тұрақталды енді ашық комиссия жұмыс атқарады, мұнда бірнеше тарап өкілдері бар»,- деп атап өтті.

Экономикалық тергеу департаменті әлеуметтік маңызы бар азық- түлік өнімдерін шектік құннан асырғандарға  жаза қарастырылатынын, жауапкершілік барын ескертті. Дегенмен бағаны жүгендеуде жалғыз жергілікті биліктің пәрмені жетпейтіні анық. Сол себептіде ауқымды мәселе Үкімет отырысында да талқыланды. Шекер үшін шетелге телмірмей өнімнің өзімізден шығу маңыздылығы айтылды. Бұл орайда басты салмақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелмек. Премьер-Министр Әлихан Смайылов  алдағы жылдары қант саласын дамыту жөнінде нақ осы министрлікке бірқатар тапсырма берді.

Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Ол қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді.

Қорыта айтқанда  елімізде бұл саланы табысты дамыту әлеуеті бар, бірақ технологиялық жабдықтардың  тозығының жетуі,  айналым қаражатының болмауы, көрші елдердегі  бағалық құбылу біздегі ішкі нарыққа өзіндік дүрбелең әкелді. Бұл жағдайды оңалту жолында кешенді жоспарда көрсетілгендей  қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайту басты міндет.

Айта кету керек, ҚР Салық кодексінің 411-бабына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қосымша құн  салығын 70% — ға дейін төмендетумен қызылша қантын өндіруге салықтық жеңілдіктер көзделген. Қысқасы, жан- жақты жоспарланған іс шаралар негізінде облыс әкімдіктері үкімет қолға алған бұл бастама жолында аймақтық ауыл шаруашылығы жұмысын ширатуға міндетті. Жоспарды іске асыру 2026 жылға қарай қант импортының үлесін 58-ден 17%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Үкімет отырысында Әлихан Смайылов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нарықты отандық өнімдермен толықтыру Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін баса атап өтті.

Әсел Құсайынқызы

«QH»