Сапалы білім – дамудың қайнар көзі
Биыл реформадан көзашпаған білім саласында тағы да ауқымды өзгерістер орын алды. Иә, қазіргі таңда басты орында педагок мәртебесін арттыру мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту тұр. Сондай-ақ, елдегі білім сапасы көрсеткішін көтеріп, қала мен ауыл оқушыларының білімге деген қолжетімділігін тең дәрежеде қамтамасыз ету де назардан тыс қалмады. Өйткені, сапалы білім – ел дамуының қайнар көзі. Бүгін ел бойынша барлық білім ошақтарында сабақ басталып, Білім күні мерекеленуде. Осы орайда көптің көкейінде жүрген маңызды мәселелердің жауабына тоқталып өтсек.
Жалақы 25%-ға өседі
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, елімізде мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 343 мың теңге екен. Егер елдегі жалпы орташа айлық жалақы көлемі 312 мың теңге екенін ескерсек, білім беру қызметкерлері басқа сала өкілдеріне қарағанда анағұрлым көп жалақы алатынын аңғаруға болады. Әйтсе де, бұл шекті көрсеткіш емес. 2023 жылдың 1 қаңтарында ұстаздардың айлығы тағы 25%-ға өспек.
«Біз жалақы бойынша 2019 жылғы статистиканы және 2022 жылдың екінші тоқсанындағы статистиканы салыстырдық. 2019 жылы бізде ел бойынша орташа жалақы 168 мың теңге болды, бұл ретте орта білім деңгейі бойынша орташа жалақы 115 мың теңге болды. Яғни, елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда аз екенін көруге болады. 2022 жылдың екінші тоқсанында ел бойынша орташа жалақы — 312 мың теңге, бұл ретте орта білім деңгейі бойынша орташа жалақы 343 мың теңгені құрады. Яғни, орташа жалақыдан сәл жоғары. Бұл еліміздің Президенті қойған міндет», — деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, Білім министрлігінің басшысы 2023 жылдың қаңтарынан бастап жалақының қосымша 25% өсетінін атап өтті.
«Жалпы, педагог мәртебесін арттыру және оларға тән емес функцияларға тартпау, есептілікті төмендету, ЖОО-лардың академиялық еркіндігімен және педагогикалық мамандықтар бойынша түлектерді сертификаттау жүйесімен бірге жалақыны арттыру бойынша шаралар кешені бізге қажетті нәтиже береді. Мен болашаққа және әріптестерімізді мектепке жұмысқа тарту мүмкіндігіне оптимистік көзқараспен қараймын», — деді Асхат Аймағамбетов.
Дене шынықтыру мен Орыс тілі пәні ұстаздарының мәселесі не болды?
Осы орайда, биылғы жылдағы ең ірі әрі шулы өзгерістің бірі саналатын Дене шынықтыру және Орыс тілі пәндері ұстаздарының мәселесіне де тоқталып өткенді жөн көрдік. Енді бұл пәндерді оқыту барысында оқушылар бұрынғыдай бірнеше топқа бөлінбейді. Сәйкесінше сағат саны азайып, штат қысқаруы немесе жалақы азаюы мүмкін. Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді.
Оның айтуынша, бұған дейін мектептерде ұстаздарды жұмысқа қабылдау кезінде сағат саны мен оның бөлінуі аса назарға алынбай келген екен. Сәйкесінше, аз сағатқа бірнеше мұғалімді қатар алу фактілері тіркелген. Енді министрлік бұлардың бәрін реттеп, бір жүйеге түсірмек.
- Мемлекеттік стандартқа енгізілген өзгерістер балаға берілетін білімнің көлемін анықтайды. Ол азайған жоқ. Қазір сол туралы айтып отырмын. Енді оқу жоспарларына байланысты сағаттың бөлінуі бұл басқа мәселе болып саналады. Ол әрбір мұғалімге бөлінген жүктемеге байланысты. Сондықтан біз былтырғы оқу жылында мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың ережесін белгіледік. Онда біз «ұстазды жұмысқа 16 сағаттық жүктемемен қабылдау керек» деп нақты айттық, — дейді Шолпан Каринова.
Яғни, вице-министрдің айтуынша, егер сағат саны 16-дан төмен болса, онда ұстаз жұмысқа алынбайды. Бұл арнайы ережеге енгізілген талап. Ал, дене шынықтыру мен орыс тілі пәндері ұстаздарына барынша 16 сағаттық жүктеме беру жолдары қарастырылып жатыр екен.
Жаңа мектеп көбеймек
Иә, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде 80 жаңа мектеп есігін айқара ашып, білім нәрін шашпақ. Ал, жыл соңына дейін 230-дан астам білім ошағы пайдалануға беріледі деп көзделуде.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 000 мектеп салынады. Былтыр 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 230 мектепті ашу жоспарланып отыр. 1 қыркүйекке дейін 80 мектеп ашылады. Қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қалған мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мектептерді қаржыландыру және оның құрылысы заңды түрде әкімдіктердің құзырында екенін еске сала кетейік. Мемлекеттік сатып алулар, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым, құрылыс және іске қосу – жергілікті әкімдіктерге жүктелген осы үрдістің барлығын қарап, оңтайландыру қажет, қазір онымен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр. Нақты құрылыс салу, әкімдіктердің мектеп салмай үй салуға рұқсат беру тәжірибесі — ол бөлек мәселе. Соның салдарынан қазіргі мектептер бірден үш ауысымға айналады. Біз заң жүзінде мұндай мүмкіндікті толығымен жоюды талап етеміз», — дейді Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.
Педагогтің цифрлық сауаттылығы жоғары болу керек
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің пайымдауынша, ұстаздар заман талабына барынша сай болып, заманауи технологияның тілін жетік меңгерулері тиіс. Бұған әлемдік пандемияның да әсері тигені анық. Өйткені, індет үдеген шақта білім саласында цифрлық технология еніп, халық арасында алдағы уақытта мұғалімдер қызметі керек болмай қалады деген пікір қалыптасқан еді.
«Қоғамда мұғалімдердің рөлі зор. Ол солай болып қала береді. Алайда, педагогтердің цифрлық сауаттылығы жоғары болу керек. Алматыда цифрлық технологияларды оқыту мен меңгеруді және цифрлық педагогиканың үздік әдістері тәжірибесін үйрететін «Digital Ustaz Almaty» атты жаңа байқау пайда болды. Мұғалімдер қазіргі коммуникация құралдарын (әлеуметтік желілер, мессенджерлер) қолдана білуі мен дағдысы, цифрлық ортада қарым-қатынас жасау этикасы мен нормаларын білуі керек», — деді Асхат Аймағамбетов.