Баспана бағасы қалай құбылды?
Бір жыл ішінде жаңа баспананың құны 19,6, қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 26,4 %-ға өскен. Ал жалдамалы пәтер құны ай сайын 0,4 %-ға қымбаттаған. Бұл туралы Еnergyprom хабарлады.
Еnergyprom мәліметінше, шілде айының өзінде жаңа пәтер — 0,5, ал бір жылда — 19,6 пайызға қымбаттаған. Екінші нарықтағы баспана бағасы бір айда — 0,8, бір жыл ішінде — 26,4 пайызға өскен.
Жалдамалы пәтер бағасының өсімі айына — 0,4 пайызды құрап отыр. Ал өткен жылдан бері бұл баға — 20,8 процентке көтерілген.
Сарапшылардың пікірінше, баспана құнының қымбаттауына жанама факторлар әсер етуде. Мәселен, тұрғын үйге қызмет көрсету және жөндеу секторындағы қызметтер бір жылда — 15,3, құрылыс материалдары — 20,5 пайызға өскен. Бұл орайда импортқа тәуелділік жағдайды күрделендіріп отыр.
Пәтер жалдауға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда биыл үш есе артқан. Бұл — Ресей мен Украинадан көп келіп жатқан адамдар санына байланысты. Олардың басым бөлігі Алматыда қалса, кейбірі Ресейге жақын орналасқан қалаларға қоныстануда. Аталған фактор тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр.
Сонымен қатар маусым-шілде аралығында доллар бағамы көтеріліп, бір жылда теңге 11,6 пайызға арзандады. Доллардың орташа айлық өсімі — 7,6 пайыз. Сондықтан ұлттық валютаның құнсыздануы – баспана нарығындағы бағаға жанама әсер етуі мүмкін.