Өнегелі отбасы – өрелі ұрпақ

Өнегелі отбасының әр жағында Отан деген қастерлі ұғым жатыр. Әсілінде, адал еңбекпен күнелтіп, ата-ананың ақ батасын алып өскен өнегелі ұрпақ қоғамның тірегі, мемлекет тұтастығының кепілі болса керек. Осы орайда, қоғамдағы отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының арқалаған жүгі ауыр екені айтпаса түсінікті.

Жалпы халық үшін қастерлі мереке Конституция күні қарсаңында Қарағандыда «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. Оған білім, өнер мен мәдениет, кәсіпкерлік, құқық қорғау, денсаулық сақтау сынды қоғам өңірінде аса маңызды салаларда еңбек ете жүріп шаңырақ шаттығын да сақтай білген 8 отбасы қатысты. Байқауға көпбалалы отбасылар мен жаңа шаңырақ көтеріп, отау тіккен жастар да белсене қатысқанын айта кеткен жөн.

Әрине, қатысушылардың барлығы көпке үлгі болып, жеңімпаз атануға лайық. Әйтсе де, байқау шарты бойынша үздіктер анықталуы тиіс. Сондықтан да, конкурстық комиссия шешімімен қалалық кезеңнің жеңімпазы ретінде Айдар Әбілдаев отбасы таңдалды.

Айдар Әбілдаев ел арасында қайырымдылықпен танылған азамат. Жұбайы Рахима білім беру саласының үздігі. Қыздары Алуа халықаралық зияткерлік байқауының, ұлдары Әлихан халықаралық әлем медениеті байқауының жеңімпаздары. 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя.

Екінші орынды Ерлан Тәжікбаев отбасысы жеңіп алды. Отағасы Ерлан Тажикбаев – Ішкі істер департаментінің «Мінсіз қызметі» үшін медалінің иегері. Жұбайы Жансая — білім беру саласының үздігі. Ұлдары Абылай бокстан, Абай мен Айбын ауыр атлетикадан облыстық, республикалық жарыс жеңімпаздары, спорт шеберлері. 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

Үшінші орынды Қасым Болатов отбасысы иеленді. Отбасы басшысы Қасым Болатов Болатұлы ет цехының шебері, сондай-ақ фотограф. Негізгі мамандығы оқытушы. Жұбайы- «Бауыржан Момышұлы атындағы ЖББМ» КММ логопед-дефектологы, 3 бала тәрбиелеп отыр.

Салтанатты шарада қатысушыларға Алғыс хаттар мен «Qasym» баспа үйінің кітаптары, сондай-ақ «Natige» ұсынған сүт өнімдері табыс етілді. Ал, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен мен арнайы дипломмен марапатталды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»