Бағдарлама барысы баяндалды
Биыл Қарағанды облысында жұмыс істеуге ауылға барған 123 жас маманға баспана алуға бюджеттік несие берілді. Сондай-ақ, 290 адамға қолдау қаражаты төленді. Осылайша аймақтағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтуге оң серпін беруде. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңесте айтылды.
— «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Облыс бойынша барлық кезеңде 4 700-ге жуық маман көтерме жәрдемақы, 2 400-ге жуық маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды. Олардың көпшілігі мұғалімдер мен медицина қызметкерлері. Сондай-ақ, мәдениет, спорт, АӨК мамандары, ауыл әкімдіктерінің жас қызметкерлері, — деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
Қазіргі уақытта көтерме жәрдемақы 306 300 теңгені құрайды. Тұрғын үй сатып алуға қарыз бойынша сыйақы минималды – жылдық 0,01%, ал несие сомасы – шамамен 4,6 млн тг.
Кеңес отырысында жастар кәсіпкерлігін қолдау туралы да айтылды. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтары жұмысының тиімділігі талқыланды. Облыс бойынша бүгінде осындай 13 орталық бар, олардың жетеуі аудандарда жұмыс істейді.
— Мүмкіндігінше жастар барлық мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері туралы білулері керек. Белсенді түрде хабарлаңыздар және түсіндіріңіздер. Жұмыссыздарға және NEET-жастарға ерекше көңіл бөліңіздер, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»