КӘСІПТІҢ ЖАҢА ТҮРІ – ВАКЦИНА ПАСПОРТЫ

«Вакцина паспортын сатып алу – реанимацияға «жолдама» сатып алумен бірдей». Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Санитариялықэпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты.

Ведомство басшысы адамдарды өз өмірлеріне балта шаппауды ескертті.

Оның айтуынша, вакцина салдырған адам вирус жұқтырып алған күннің өзінде екпе алмаған науқастарға қарағанда көп жағдайда ауруды жеңіл өткізеді. Ал заңнаманы бұзып, құжат сатып алу – өзіңнің ғана емес, айналаңдағылардың денсаулығына да қауіп төндіру екендігін алға тартты.

— Жалған вакцинациялау құжатын жасатып, сатып алу – ең аз дегенде жансақтау бөліміне жолдама алумен бірдей деп айтар едім. Сондықтан мемлекет тегін қорғануға мүмкіндік беріп отырған кезде, жалған құжатқа ақшаңызды жұмсайтын болсаңыз, өз қолыңызбен ауыруға билет сатып алып жатырмын деп есептей беріңіз, — деді Айжан Есмағамбетова.

Сондай-ақ, ведомство басшысы денсаулығыңызға зиян келтіріп қана қоймай, жалған құжат жасатқаныңыз үшін заң алдында жауап беруге тура келетіндігін ескертті. Сол үшін вакцинациялау құжатын сатып алуға шешім қабылдамас бұрын дұрыстап ойлануға шақырды.

Вакциналау паспортын табыс көзіне айналдыру Қарағандыда әзірге анықталмаған. Қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Айнұр Ахметованың айтуынша вакцина паспортын саудалағандар қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

— Жалған құжат дайындағандарға 4000 айлық есептік көрсеткіште айыппұл тағылады. Бұл өтемақыны төлей алмаса, 600 сағаттық қоғамдық жұмысқа салынады немесе төрт жылға бас бостандығынан айрылады.

Қалалық кәсіпкер, қоғам белсендісі Бахтияр Омархан Facebook парақшасында әлеуметтік желілерде “саудагерлердің» саны артып келе жатқанын айтады

. — «Жедел түрде вакцина паспортын алуға көмектесемін» деген жарнамалар инстаграм желісінде қаптап кеткен. Мен ол парақшаларға шағым білдірдім. Себебі, расымен, құжат дайындап беруі екі талай. Адамдардың ақшасын алып, алдап кетуі де мүмкін. Сондықтан, барынша сақ болайық, — дейді тұрғын.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH.