Әскердің әлеуеті сыналған сайыс

Әскердің әлеуетін, қорғаныстың қауқарын сынау мақсатында әскери қызметшілер арасында  халықаралық ойындардың «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Тактикалық мерген» және «Меридиан» жарыстары өтті. Қорғаныс министрлігі  баспасөз қызметінің ақпарынша қазақстандық жауынгерлердің даярлық көрсеткіші жақсы.

Оңтүстік өңірдегі  «Гвардейск» полигонында өткен минаатқыш есептоптардың жарысында қазақстандық артиллеристер үшінші эстафета кезеңінде  үздік деп танылды. Қазақстан командасы «Артиллериядан оқ ату шеберлері» байқауында екінші және үшінші орындарды иеленген Ресей мен Әзербайжанның әскери қызметшілерін басып озды.

Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында әскери топографтардың «Меридиан» байқауында қазақстандық команда жеңіске жетті.

Ал  Қарағанды облысында  «Спасск» оқу-жаттығу орталығында  10-22 тамыз аралығында  «Тактикалық мерген» байқауы өтті. Бұл байқау біздің елде алғаш рет ұйымдастырылды. Төрт кезеңнен тұратын  жауапты жарысқа қатысу үшін Армения, Беларусь, Вьетнам, Қазақстан, Қытай, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен кәсіби армия атқыштары  «Спасск» оқу-жаттығу орталығында жиналды. Вьетнам мен Индонезия қарулы күштерінің өкілдері бұл жолы тек байқаушылар ретінде қатысты. Әскерилер  жекелей , жұптаса, топтық және эстафеталық жарыста жауынгерлік дағдылар бойынша сайысты. Жарыс үшін арнайы нысана алаңдары, жабық үй-жайлар мен әртүрлі жағдайларға орайластырыла жасалған  тирлер даярланды. Жарысқа  жалпы саны тоғыз елден 60-тан астам әскери қызметші  әртүрлі тактикалық жағдайларда: қалалық, далалық және ғарыштық шектеулі жағдайларда жұмыс істеу қабілетін көрсетті. Одан бөлек  «Біліктілік», «Жаралыларды эвакуациялау» және «Қорғаныс» атты үш жаттығу сынынан сүрінбей өту міндет. «Біліктілік» кезеңінде  бірнеше нысанаға түрлі позициядан  мергендік  дәлдікті дәлелдеу, қаруды сенімді және қауіпсіз ұстауы ескерілді. Атқыштардың өнерін бағалау кезінде судьялар әскери қызметшінің қозғалыс кезіндегі қаруды бағындыру  қалпын қырағы қадағалады.«Жаралыларды эвакуациялау» атты екінші жаттығудың негізгі идеясы – атқыш өзінің жараланған жолдасын құтқарып, оны ұрыс даласынан қауіпсіз жерге  эвакуациялауы керек. Бұл ретте атқыштың өзі бірнеше атыс орындарынан оқ атып, 50-ден 300 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан 23 нысанаға дәл тигізуі керек. Сонымен қатар, қатысушы екі нысанаға дәл тиіп, гранатаны лақтыруы керек. Жаралы солдат ретінде  жалпы салмағы 80 килограмнан асатын жасанды зат даярланған. Орташа алғанда, бұл қару-жарақпен толық жауынгерлік киімдегі жаяу әскердің салмағы, оны қатысушы барлығы шамамен 15 метрге апаруы керек. Жаттығу кезінде жауынгер тек атудағы дәлдікті ғана емес, физикалық төзімділікті де көрсетуі керек.Бірінші кезеңнің соңғы «Қорғаныс» жаттығуында қатысушылар жеке жұмыс жасады. Оның ерекшелігі, оны орындау кезінде қатысушылар кішкентай саңылаулардан 18 нысанаға оқты дәл дарытуы керек. Бұл жағдайда нысанаға дейінгі қашықтық 3 метрден 30 метрге дейін болды. Атыс 9 мм калибрлі тапаншалармен жүргізілді.Одан кейінгі жарыс кезеңдерінде  оқу-жаттығулардың сценарийі бойынша жауынгерлер ұрыс қимылдарын жасай отырып, ғимаратты  жаудан тазарту міндеттелді. «Ғимаратты тазарту» жаттығуында жауынгерлер жылдам, мінсіз және үйлесімді әрекет ету қабілетін көрсетті. Айт кету керек, осыған дейін дәл осы халықаралық  жарыс былтыр  Ресей жерінде өтіп, қазақстандық жауынгерлер  үшінші орыннан көрінген. «Тактикалық мерген» жарысы әскерилердің кәсіби шеберлігін арттыруға, экстремалды жағдайларда әрекет ету қабілетін дамытуға және  көршілес елдер арасындағы әскери ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Бірнеше елдің әскері сақадай сай келер бұл айтулы жарыстың біздің елде өтуі қуануға тұрарлық таңдау. Осындай шынайы жарыстар арқылы әскерилердің шынайы ұрсықа шыдамдылығын, материалдық-техникалық базаның қаншалықты мығым екенін сынап көруге болады. Мұнда жарысқа қатысушы әр әскери қызметші  өзін жан-жақты сынайды. Сайыста әр секунд санаулы, мергендік маңызды, ортақ есеп ескеріледі. Қарсыластан озу басты міндет. Өйткені жарыс даласындағы  әр қарсылас шынайы ұрыс даласында жауың болуы әбден мүмкін. Бұл жарыстың берері мол, әскерилер жаттанды  жаттығулардан алшақтап, дайын мишень, тар жердегі тир атудан аулақтайды.

Жарысқа қатысушылар ойлы-қырлы жерлерді бағындырып, ғимараттағы және шатқалдағы жасанды жауды жеңу үшін күресті.

Соңғы кезеңде де және «Тактикалық мерген» байқауының қорытындысы бойынша да Қазақстан жауынгерлері жеңіске жетті. Байқауда екінші орынды Қытай командасы иеленсе, үшінші орынды Ресей мен Өзбекстанның әскери қызметшілері өзара бөлісті.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»