Ардагерлер шахматтан сынға түсті

Кеншілердің мәдениет сарайындағы «Ардагер-2012» шахмат клубында Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесі шахматтан жыл сайынғы дәстүрлі турнир өткізді. Биылғы турнир қаламызда жақында ғана салтанатпен атап өтілген Қазақстанда ардагерлер ұйымдары құрылуының 35 жылдығына арналды.

Турнирдің ашылу салтанатында жарысқа қатысушыларды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов құттықтады. Жарысқа бастауыш ұйымдардан іріктелген шахматшылар мен қалалық кеңестің кейбір үздік ойыншылары, барлығы сегіз адам қатысып, онда қарсыластар айналмалы жүйе бойынша  бірімен бірі кездесті. Сөйтіп жарыс 7 турға созылды.

Алғашқы ойындардан-ақ көшті «Ардагер-2012» шахмат клубының белді мүшелері, тәжірибелі шахматшылар  Еркін Әубәкіров пен Сейілхан Мұхамедиев бастады. Екеуі де төрт ойыннан төрт ұпай жинады.  Олардан 85 жасар Иван Козлов та қалыспай келе жатты.  Ол 1-турда Парда Қашқымбековтен ұтылып қалса, 5-турда Сейілхан Мұхамедиевті ұтып кетті. Ал Еркін Әубәкіров болса 7 ойынның жетеуінде жеңіске қол жеткізіп, сенімді түрде 1-орынға қол жеткізді. Жүлделі орындар үшін талас бір толастамады. Мұхамедиев  Қашқынбековты тізе бүктірген еді, сөйтіп Қашқынбеков – Мұхамедиев – Козлов үштігі мәреге бірдей нәтижемен келді. Үшеуінің қосымша көрсеткіштері бірдей болғандықтан төрешілер 2-4 орынды осы шахматшылар бөлісті деген шешім шығарды.

Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табыс етілді, сондай-ақ  барлық қатысушы ардагерлер кеңесінің сый-сияпатына ие болды.

Аман ЖАНҒОЖИН,

жарыс төрешісі, шахматтан спорт шеберіне кандидат