«ЖАҢА МЕШІТ ЖАНЫНАН АЯЛДАМА АШЫЛСА» дейді әлеумет

Күн сәулетті Отанымыздың ел-жұрты ұлттық мемлекет ретіндегі тәуелсіздігіне қол жеткізген жылдар ішінде жаңарудың әлеуметтік-экономикалық қиындықтарын еңсере отырып, көкірегінде асыл армандай сақтаған имандылық мұраттарына қол созуда. Жасыратыны жоқ, өз ішіміздегі кейбір ілім-білімі төмен «шаш ал десе, бас алатын» асыра-сілтегіш белсенділердің салдарынан, кеңестік тәртіп жылдары атеизм жаппай насихатталды, адами құндылықтардың бірі – Жаратушы құдіретіне көлеңке түсірілді, ғибадатхана-мешіттер жойылып кетті. Тәубе делік,  өткен ғасырымыз соңынан басталған рухани өрлеу сол өшкенімізді қоламтада сақталған шоқтай маздатып, әр елді-мекен жамағатының тілегімен және қаражат-қарымымен мешіт үйлерін тұрғызу жаппай үрдіс алды.   

Еліміздің ауыр индустриядағы айнасы, қазыналы Қарағанды қаласының тұрғындары баяғы сол тоталитарлық саясат жылдары тілі мен ділін жоғалта жаздағанда, қаланың төрт пұшпағынан бой көтеріп, жұртты мұсылмандық дәстүрімізді жаңғыртуға үндеген мешіттер еді. Жақында тағы бір игі жаңалық орын алып, Оңтүстік-Шығыс шағынауданына қарасты Күнгей қонысынан Жаратушының қалауымен, халықтың қолдауымен Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың есімі берілген сәулетті мешіт ғимараты барлық атрибуттарымен пайдалануға беріліп, күнгейлік жамағаттың аруақ арулаудағы қажетін шығаруда. Ел ағылып, жаңа мінәжат үйі ашылғанына ризалығын жеткізуде. Жаңа ғибадатхананың дін-мұсылмандық салтын насихаттаушы қари-имамдар құрамы рухани-ғибрат мәнді харекеттерін, о дүниелік болғанды ақ-арулап қайтпас сапарға жаназамен аттандыру харекетін, марқұмның туыстарынан дұға жолдау рәсімдерін сәтімен өткеруде.

Қадірменді қалабасы Ермағанбет Бөлекпаев мырзадан жамағаттың осыған байланысты бір өтініші бар: Қарағандыдай мегаполистің ол шеті мен бұл шеті ондаған шақырымға созылады, Күнгейдегі Қазыбек бабамыз мешітіне жеке автокөлікпен жетуге екінің бірінің жағдайы келмейді, оларға автобус қатынасы қолайлы. Айтарымыз: қаламыздың жол-көлік логистикасы жақсы дамыған, соған лайық Күнгей жаққа қатынайтын №56, сондай-ақ №33, №41 маршруттық автобустардың қозғалысына сәл бұрылыс енгізіп, жаңа мешіт тұсынан арнайы аялдама ашылса екен! Қаланың жолаушы автокөлігі мәселесін реттеуші мамандарына мұнан да тиімді тәсілдер белгілі ғой, біз тек халықтың кеңесін ұсынып отырмыз.

Қаланың ежелгі мешіттерінің бәрінде әкімдіктің қамқорлығымен ескерілген қолайлы аялдамалар бар, жаңа мешіт қызметіне зәрулердің тілегі де ұмыт қалмас деп сенеміз.

Назипа АСҚАР,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Қарағанды облысы ардагерлер кеңесінің мүшесі