Ұлылар есімі ұлықталды
Ел өзінің ерлерін ұмытпауға тиіс. Асылдарымызды ардақтай білсек, жүзіміз жарқын, арымыз таза әрі бұл іс кейінгі ұрпақ үшін өміршең өнеге. Таяуда Қарағанды қаласындағы бірқатар білім ордасына біртуар азаматтардың есімі берілді.
«Қарағанды облысының бірқатар білім беру ұйымдарына атау беру және атауын өзгерту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 16.08.2022 жылғы №562 қаулысымен Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Абай ауданындағы 18 білім беру ұйымдарының атауы өзгерді.
Білім беру ұйымдарына Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уалиханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Нұркен Әбдіров, Қасым Аманжолов, Қаныш Сәтбаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев, Евней Бөкетов секілді айшықты тұлғалардың есімдері берілді.
Атап айтқанда, Қарағанды қаласындағы №63 жалпы білім беретін мектебіне Григорий Потаниннің есімі берілді. Қазақтың жасындай жарқ еткен жұлдызы Шоқан Уәлихановтың досы, орыс этнографы, географ, публицист Григорий Потанин қазақтың белгілі тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұса Шорманов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақпаевтармен жақын араласқан. Қазаққа жақын орыс ғалымының есімі өткен ғасырда қазақ елін, жерін аралап, оның фольклоры мен этнографиясын жинап, жарыққа шығарған әрі ғылыми тұрғыда зерттеген ғалымдардың ішінде үлкен құрметпен аталады.
Ал №54 жалпы білім беретін мектеп енді Алаштың біртуар перзенті Жұмабек Тәшеневтің атымен аталады. Жұмабек Ахметұлы өз заманында республиканың саяси-экономикалық, мәдени дамуына қисапсыз еңбек сіңірген қайраткер. Ел Жұмабек Тәшеновтың Маңғыстауды Түркіменстанға қосу, Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақталы аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шыққан батыр екендігін біледі. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға да тосқауыл қоюға тырысқан.
Міне, осындай көзі қарақты, көкірегі ояу азаматтардың есімі білім ордасына берілуі өте орынды. Бұл ең алдымен жас ұрпақтың елі мен жерін сүюге баулитын өнеге. Шаһар жұртшылығы жүрегі қазақ деп соққан жақсылар есімінің ендігі арада мектеп оқушыларына дем беріп, жігер құятындығына қуанышты.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА