Абай мұрасы – мәңгілік қазына

Тамыз айының ортасында ұлтымыздың ұлы ойшылы, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған тұңғыш классик Абай Құнанбайұлының туған жері Жидебайда өткен ХХІІІ республикалық Абай оқуларының жеңімпаздары анықталды. Дүбірлі додада қарағандылық оқушылар республикалық төрт бірдей жүлделі орынға ие болды. Республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 126 оқушы қатысты.

Жеңімпаздардың жетекшісі, Абайды тану жолындағы ұстаздары, Қарағанды қалалық №61 мектептің мұғалімі Дидар Төрегелдинаның айтуынша, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар туған сайын Абайдың мұрасы жаңа қы­ры­­нан жарқырай ашылып, қадірін арттыра түспек. Данагөй ақын­ның шығармашылығын жаң­ғыртуда мектеп ұжымы жастардың оқуға құш­тар­лығын оятып, өмірлік көзқа­расын кеңейту мақсатында оқушыларға бар жағдайды жасап келеді.

Кешегі байқауда аталмыш білім ордасының 9-сынып оқушысы Нұрғасыр Изат Абай атамыздың 39 қара сөзін жатқа оқып, жүлделі ІІ орын иеленіп, күміс медальмен марапатталды. 10-сынып оқушысы Алина Наурызбаева «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясында ақынның 171 өлеңі мен 3 поэмасын жатқа оқып, ІІ орынға ие болды. Ал, «Абайдың ақын шәкірттері» номинациясында 11-сынып оқушысы Ақшархат Эшкулова үздік деп танылды. Оқушы Шәкәрімнің 111 өлеңі мен 3 поэмасын жатқа оқыған.

– Абай мұрасы – қазақ халқының асыл қазынасы. Ұлы ойшылдың қаламынан туған өлең жолдарын жас буынның аузынан естігенде көкіректі еріксіз мақтаныш кернеп, бойды өскелең ұрпаққа деген ризашылық сезімі билейді. Әдебиет эстафетасында көптің көзіне түсіп, дарынымен ерекшеленген қатысушылар жылда марапатталғанымен, бұл сайыста жеңілгендер болмайды. Себебі Абай мұрасын дәріптеуді міндет тұтқан байқаудың әр қатысушысы сол мақсатты жүзеге асырып, маңызды істің орындалуына септігін тигізеді. Бұл – ортақ жеңіс, – дейді Дидар Төрегелдина.

«Қара өлеңнің қағбасы» атанған Қарағанды шшаһарының жеңісі мұнымен тоқтап қалмады. Бұқар жырау ауданы,Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Еркежан Кайратова Көңілім әнді ұғады” номинациясында ІІ орын иеленіп,күмістен алқа тақты.

– Абай шығармашылығына деген қызығушылық бала күнімнен қалыптасты. Оның өлеңдерін жаттауға келгенде, мектеп бағдарламасындағы қысқа үзінділерді қанағат тұтпай, толық нұсқасын жаттағанды ұнатамын. Кейін, қара сөздеріне ден қоя бастадым. Түсінігіме қиындау сөздер мен ұғымдардың мәнін ылғи ұстазымнан сұрап, ойыма түйіп жүремін. Өмірге көзқарасым, ақыл-парасатым Абай мұрасының арқасында қалыптасты десек артық болмайды, – дейді ойшылдың 39 қара сөзін жатқа білетін Нұрғасыр.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА