Өтініштер жауапсыз қалмайды

2022 жылдың 6 айында облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы азаматтардың 1810 өтінішін қарап, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталды. Өңір кәсіпорындарында 366 тексеру жүргізілді. Халықтан келіп түсетін сұрақтар жалақыны төлемеу, заңсыз жұмыстан босату, демалыс бермеу және басқа да осыған ұқсас мәселелерге қатысты. Бұл туралы бөлім басшысы Ирина Любарская тарқатып айтты.

– Осы тексерулердің қорытындысы бойынша 389 бұзушылық анықталды, ал қазір барлығы жойылды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының актілері «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес міндетті күшке ие. Тексеру қорытындысы бойынша 46 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10,3 миллион теңгені құрады, оның 74%-ы ғана өндірілді, – деп түсіндірді спикер.

Еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру үшін өткен жылы Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар өндірістік кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқарудың қазіргі заманғы жүйесін енгізуді көздейді.

– Атап айтқанда, Еңбек кодексінде: жұмыс берушінің еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу жөніндегі міндеті бекітілген, құрылыс алаңында еңбекті қорғау талаптарының сақталуын жалпы үйлестіруді, жұмыстарды ұйымдастырушы – бас мердігер жүргізетін норма көзделген, сондай-ақ кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылаудың рөлі күшейтілген, – деп атап өтті Ирина Любарская. – Өндірістік жарақаттануды төмендету үшін 19 кәсіпорында тапсырыс берушіден мердігерге дейін шарттық қатынастар шеңберінде қауіпсіз еңбек жағдайларын және жұмыскерлердің тұруын қамтамасыз ету бойынша бақылау енгізілді. Кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу үшін облыстың 160 ірі кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды қабылдады. Тағы 7 кәсіпорын vision Zero бағдарламасына қатысады, 34 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Кәсіпорындарда 1600 бас техникалық инспектордың қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 1140 өндірістік кеңес құрылды. Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жағдайын бағалау үшін өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізіледі. Бүгінгі күні олардың 289-ы аттестатталды.

Ирина Любарская сонымен қатар жергілікті еңбекті реттеу көздері арасында басым орын алатын ұжымдық келісім мәселесіне тоқталды. «ҚР Еңбек кодексінің» 156-бабы 11-тармағының талаптарына сәйкес жұмыс беруші қол қойылған күннен бастап бір ай ішінде мониторинг жүргізу үшін тараптар қол қойған ұжымдық шартты еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға ұсынуға міндетті.

– Қазіргі таңда жарты жылдың қорытындысы бойынша мониторингте 5264 Ұжымдық шарт бар. Біздің басқарма аудандар мен қалалардың әкімдіктерімен бірге электрондық еңбек шарттарын жасасу және e-HR базасына енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, – деп жалғастырды спикер. – 1 тамыздағы жағдай бойынша 398 486 электрондық еңбек шарты тіркелген. Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін «Кәсіподақ орталығымен» өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма азаматтардың өтінішін жауапсыз қалдырмайды. «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің» 46-бабының 1-тармағына сәйкес еңбек заңнамасы бойынша түсіндірме беру үшін соттарда мамандар ретінде мемлекеттік еңбек инспекторлары тартылады. Сотқа талап арыздарды дайындауда заң көмегі көрсетіледі, жұмыс берушілермен және қызметкерлермен еңбек дауларын реттеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

– Статистика бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары түсіндіру іс-шараларын жүргізгеннен кейін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты келіп түскен өтініштердің 80%-ы қызметкерлердің пайдасына қарай оң шешімін табады, – деп қосты Ирина Любарская.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»