Жәрмеңке – көпке көмек

Қарағандыда мектепке қажетті тауарлардың жәрмеңкесі өтті.  Жеті бірдей отандық компания екі күн бойы тұрғындарға өз өнімдерін арзан бағамен ұсынды. Мысалы, 12 беттік дәптер 30 теңгеден болса, күнделік 400 теңгеден басталады. Ал Абай тігін фабрикасы әкелген тоқыма жейдені небәрі 4-5 мың теңгеге аласыз. Қысқасы сауда сөрелеріндегі барлық тауардың құны нарықтағы бағадан 20 процентке төмен болды.

Жәрмеңкеге қатысып жатқан компаниялардың барлығы Қарағанды облысынан. Қайырымдылық шарасына бір кісідей қолдау көрсетті. Негізі жер-жерде көмек қолын созып жатқан жомарт жандар өте көп. Аудан, ауылдардағы шаруа қожалық жетекшілері, шағын кәсіп иелері, жекелеген азаматтар шама-шарқынша игі шараға үн қосып жатыр, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.

Жәрмеңкеде таңертеңнен бастап кеш қарайғанша кісі қарасы үзілген жоқ. Тіпті, шалғай ауылдардан да баласын жетектеген ата-аналар келіп жатты.

Жәрмеңкеге 3 баламды ертіп, ауылдан арнайы келдім. Өте ұнады. Бағалары шынымен де базармен салыстырғанда әлдеқайда төмен екен. Барлық іздегенімізді бір жерден таптық. Әрине, киімдердің сапасы керемет емес, бағасына сай. Дегенмен, бір жыл киюге болады. Бірнеше баласы мектепке баратын ата-аналар үшін үлкен көмек болып тұр, деп Кенжегүл Керімқызы ағынан жарылды.

Енді осы аптада жәрмеңкені облыстың барлық аудан, қалаларында өткізу жоспарланып отыр. Жалпы тамыз айының 1-нен бастап «Мектепке жол» шарасы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының 800-ге жуық баласына көмек көрсетілген. Ал «Жалпыға міндетті оқу» қорынан қолдауға мұқтаж 15 мың оқушының әрқайсына 37389 теңгеден ақша бөлініп, ата-анасының есепшотына аударылды. Білім басқармасының мәліметі бойынша биыл 170 мың бала аймақтағы 406 мектептің табалдырығын аттайды. Оның 17 мыңы бірінші сыныпқа барады.

Асыл АЙБЕК,

«QH»