Бірлік пен береке ұясы
ҚР Конституциясы күні мен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы қарсаңында Нұра ауданына қарасты Шахтер ауылында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің «Дамыған ауыл – Жаңа Қазақстанның бағдары» атты көшпелі отырысы өтті. Келелі жиынға Қарағанды облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбековтің төрағалық етті.
Ата заңымызда еліміздің басты байлығы және биліктің қайнар көзі халық екені айқын жазылған. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 26 тамызда өтетін сессиясында халық өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру жолдары талқыланбақ. Ал, Шахтер ауылында өткен жиын осы бағыттағы алғашқы көшпелі отырыс.
– Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысын өткізудегі мақсатымыз – сәуір айында өткен XXXI сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмалары мен алдымызға қойған міндеттерінің жүзеге асырылу барысы, оның ішінде көпэтносты өңірлердегі Еңбек адамдарының үлесі жайында шешілмей жатқан мәселелер болса ортаға салып, шешу жолдарын табу мақсатында диалог құру болды. Шахтер ауылының ерекше келбеті, заманауи дамуы бәрімізді де тәнті етті. Бұл сіздердің маңдай теріңіздің, осы ауданның елін сүйген, туған жерін сүйген азаматтарының арқасы екені сөзсіз, – деген Бекзат Алтынбеков туған ауылын гүлдендіріп, халықтың жағдайын жақсартуға үлес қосып отырған Георгий Прокопқа алғыс білдірді.
Жиында этносаралық татулық пен бірлікті сақтау, көпбалалы аналарға көрсетілетін жеңілдіктер және ауылда кәсіп ашу мәселелері талқыға салынды. Көпшіліктің сұрақтары мен талап-тілектері тыңдалып, қызу пікір алмасу болды. Жиын қорытындысында еңбегімен көзге түскен азаматтарға Қарағанды облысы әкімінің Алғысхаты мен «Amanat» партиясының облыстық филиалының Алғысхаттары табысталды.
Өз тілшімізден