Ел болашағы – жастар
12 тамыз – Халықаралық жастар күні. 1998 жылы Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының қаулысымен бекітіліпті. Біздің облыста әр бесінші тұрғын 30 жасқа толмаған. Яғни жастар саны – 215 113. Өңір халқының 18,7 пайызын құрайды. Оның ішінде қала жастары 160 371 болса, ауылда 54 742 жас тұрады.
Жастардың үлесі басым болғандықтан, қала мен облыс басшылығы жастарды қолдауды, әлеуметтік көмек көрсетуді жыл сайын қолға алып келеді. Мәселен, биыл осы мақсатта «Қарағанды жастары» атты бағдарлама іске қосылды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен 1 млрд теңге, ал «Отбасы банкінен» 500 млн теңге қаражат бөлінді. Осы арқылы жастардың бір бөлігі жеңілдетілген несие арқылы баспаналы бола алады.
Жастарды қолдаудағы ең өзекті мәселе – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өңіріміздегі оқу орындарында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мыңдаған жастар білім алады. Осы орайда студенттік жатақханаларды салу және қайта құру да маңызды. Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін облыс бойынша 1 482 орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға беріледі. Былтыр 5 жатақхана құрылысы аяқталып, қолдануға берілді. Биыл Қарағанды медицина университетінің жатақханасының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар Президент тапсырмасына орай мемлекеттік гранттар мөлшері екі есе өсті.
Бұдан басқа жастарды жұмыспен қамту да – үнемі облыс билігі назарындағы мәселе. «Саран» индустриялық аймағында ірі кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Оларда 2 136 жұмыс орны құрылғандықтан, жастардың дені сонда тартылды. Биылғы жылдың соңына дейін шина зауыты іске қосылмақ. Мұнда да жас мамандар жұмылдырылады. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Қазір 120 жас маман Татарстанда тағылымдамадан өтуде.
Жастарды шағын және орта бизнес саласына тарту жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылуда. Биыл 338 әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен маманына, ауыл, кент, округ әкімдігі аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне тұрғын үй сатып алуға 1 552,9 млн теңге сомасында бюджеттік кредит бөлінді. Көтерме жәрдемақы 397 маманға 121,6 млн теңге сомасында берілді. Сонымен қатар 1 шілдеде 122 маманға тұрғын үй сатып алуға 546,5 млн теңге бюджеттік несие берілді. 223 маман 68,4 млн теңгеге көтерме жәрдемақы алды. Бүгінгі таңда көтерме жәрдемақы алған мамандардың жалпы санынан жастардың үлесі 81,7 пайызды құрап отыр.
Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек маусымында 2 211 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерді тартуға басымдық берілді. Жаңа маусымда қатысушылардың 39 пайызға жуығы – мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер. Жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 289 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
– Биыл жылдың соңына дейін облыс жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, жобалар мен іс-шаралар, оның ішінде NEET-жастармен жұмыс, «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасының индикаторы ерекше назарда. Осылайша біз жастар саласындағы өзекті және проблемалық мәселелерді шешу тетіктері мен жолдарын үнемі жетілдіріп отырамыз. Бұл жұмыс жалғасады және тұрақты бақылауда, – дейді Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов.
Сонымен қатар өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Алена Фрибус, Шахтинск қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Жасұлан Хамитов сөз алып, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекеттік жастар саясаты – мемлекеттік органдар жүйесіндегі жеке басқарудың ғана емес, бүкіл мемлекет пен қоғамның ісі. Әрбір азаматтың, оның ішінде жастардың өзін-өзі танытуы үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау қажет.
Біздегі жұмыс жастардың жұмысқа орналасуына, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне, әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетуге бағытталған. Осы тұрғыда жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз, – дейді Алена Алексеевна.
Аружан АЛПЫСБАЙ