Жәрмеңкеде баға төмен

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Өз өнімдерін отандық өндірушілер ұсынады. Киімдер төмен бағамен сатылады. Бұл туралы Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова аппараттық кеңесте мәлімдеді.

– Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету үшін 1 тамыздан бастап дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы басталды. Бүгінгі таңда әлеуметтік қолдауға мұқтаж 760 оқушыға көмек көрсетілді. Акция барысында рейдтер өткізу, заттарды, мектеп керек-жарақтарын қабылдау пункттерін ашу жоспарлануда. Әлеуметтік желілерде және білім бөлімдерінің сайттарында көмекке мұқтаж жандарға арналған телефон нөмірлері орналастырылған. Сонымен қатар мектеп тауарларын төмен бағамен сату үшін жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен жәрмеңкелер өткізіледі, – деді ведомство басшысы.

Қарағандыда мұндай жәрмеңке 20-21 тамызда Global City сауда үйінде өтеді деп жоспарлануда. Сату-көрме өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырылады.

Осындай мектеп жәрмеңкелері барлық қала мен аудандарда өтеді.

Басқарма басшысының ақпараты бойынша, «Жаппай оқыту» қоры есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 15 мың оқушы қаржылай қолдау алады. Ата-аналарға немесе қамқоршыларға карт-шоттарға 37 389 теңге мөлшерінде қаржы аударылады. Бұл ақша мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алуға арналған.

Гүлсім Қожахметова жаңа оқу жылына дайындық туралы толығырақ баяндады.

Оның айтуынша, облыстың 406 мектебінде 170 мыңға жуық бала оқитын болады. Бірінші сыныпқа 17 мыңға жуық бала барады.

Биыл өңірде Саран қаласындағы зауытта шығарылатын 27 жаңа мектеп автобусын сатып алу жоспарлануда.

1 маусымнан бастап Indigo24.kz ақпараттық жүйесі арқылы балабақшаларға қабылдау жүргізілуде. Қазіргі уақытта 12,5 мың бала қабылданды.

Колледждерге 10 534 өтініш қабылданды, оның ішінде бюджет есебінен оқуға 5 726 өтініш қабылданған.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек барлық дайындық шарасын аяқтау жөнінде тапсырма берді. Білім беру ұйымдарының жөндеу жұмысын мерзімінде аяқтап, 25 тамызға дейін оқулықтар толығымен жеткізілуі қажет. 15 қыркүйекке дейін жаңа жылыту маусымына қажет көмір қоры дайын болуы тиіс.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»