Дене шынықтыру сабағы жаңа жүйеде бағаланады

Еліміздің білім ордаларында дене шынықтыру сабағындағы бағалау жүйесі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

«Қазіргі кезде дене шынықтыру сабағында бағалауды өзгерту мәселесін Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығында жұмыс тобы қарастырып жатыр» деп жазды Е. Тоғжанов депутаттық сауалға жауап бере отырып. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы базасында 5–9 сыныптар үшін «Дене шынықтыру» сабағының оқыту бағдарламасына өзгерту мен толықтыру енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, елімізде мектеп жасындағы 2 миллион бала дене шынықтыру үйірмелерімен қамтылған. Қазақстанда екі жылда 100-ден астам дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.

Аружан АЛПЫСБАЙ